Біріккен ядролық зерттеулер институты (БЯЗИ)



Біріккен ядролық зерттеулер институты (БЯЗИ) – 1956 жылғы 26 наурызда он бір құрылтайшы-мемлекет қол қойған Келісім негізінде құрылған және БҰҰ-мен 1957 жылғы 1 ақпанда тіркелген халықаралық үкіметаралық ғылыми-зерттеу ұйымы.

Ол Ресей Федерациясының Мәскеу облысындағы Дубна қаласында орналасқан.Бұл институт материяның іргелі қасиеттерін зерттеу үшін мүше-елдердің ғылыми және материалдық әлеуетін, күшін жұмылдыру мақсатында құрылды. Бүгінгі таңда мынадай 18 мемлекет БЯЗИ мүшесі болып табылады: Әзірбайжан Республикасы, Армения Республикасы, Белорус Республикасы, Болгария Республикасы, Вьетнам Социалистік Республикасы, Грузия, Қазақстан Республикасы, Корей Халық-Демократиялық Республикасы, Куба Республикасы, Молдова Республикасы, Монғолия, Польша Республикасы, Ресей Федерациясы, Румыния, Словак Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Украина, Чех Республикасы. Институттың Венгриямен, Германиямен, Египетпен, Италиямен, Сербиямен және Оңтүстік Африка Республикасымен ынтымақтастығы туралы Келісімдері үкіметтік деңгейде бекітілген.

Ресейде БЯЗИ қызметі «Ресей Федерациясы Үкіметі мен Біріккен ядролық зерттеулер институты арасындағы Біріккен ядролық зерттеулер институтының Ресей Федерациясындағы орны мен қызмет ету шарттары туралы Келісімді ратификациялау туралы» РФ Федералдық заңына сәйкес жүзеге асырылады. Жарғыға сәйкес Институт өзінің қызметін барлық мүдделі мемлекеттердің қатысуы үшін ашықтық және олардың өзара оңтайлы ынтымақтастық қағидаттары негізінде жүзеге асырады.БЯЗИ-дағы теориялық және эксперименттік зерттеулердің негізгі бағыттары: дара бөлшектер физикасы, ядролық физика және конденсатталған орта физикасы.

БЯЗИ ғылыми саясатын құрамына мүше-елдерді өкілеттейтін ірі ғалымдар, сондай-ақ Венгрияның, Германияның, Грецияның, Еуропалық Ядролық зерттеулер ұйымының (ЦЕРН), Үндістанның, Италияның, Қытайдың, АҚШ-тың, Франция мен Швейцарияның белгілі физиктері кіретін Ғылыми кеңес әзірлейді.БЯЗИ құрамында жеті зертхана бар, олардың әрқайсысын зерттеулерінің ауқымы жағынан ірі институттармен салыстыруға болады. Штаты 5500 жуық адамнан тұрады, олардың 1000-нан астамы ― ғылыми қызметкерлер, 2000-ы ― инженерлік-техникалық персонал.Институтта: Еуропа мен Азиядағы жалғыз асқын өткізгіш ядролар мен ауыр иондар үдеткіші – нуклотроны бар, ауыр және экзотикалық ядроларды синтездеу бойынша эксперименттер өткізуге арналған, шоқтарының параметрлері рекордты деп есептелетін У-400 және У-400М ауыр иондар циклотрондары бар, нейтронды ядролық физика және конденсатты орта физикасы жөніндегі зерттеулер үшін қолданылатын бірегей ИБР-2 нейтронды импульсті реакторы және сәулемен емдеуде қолданылатын протондар үдеткіші – фазотроны бар тамаша эксперименттік физикалық қондырғылар топтамасы бар.

БЯЗИ-да қуатты жоғары өнімді есептеуіш құралдар бар, олар байланыстың жылдамдығы жоғары арналары арқылы әлемдік компьютерлік тораптарға ықпалдастырылған. 2009 жылы бастапқы өткізгіш қабілеттілігі 20 Гбит/с «Дубна–Мәскеу» байланыс арнасы қатарға қосылды. 2008 жылдың соңында ұшып өту уақыты әдістемесінің көмегімен ядролық физика саласындағы нейтрондардың жүздеген кэВ дейінгі энергетикалық диапазонындағы зерттеулерге арналған ИРЕН-I жаңа негізді қондырғысы іске қосылды. Жаңа асқын өткізгіш NICA коллайдерінің негізі болуы тиіс Нуклотрон-М жобасы бойынша, сондай-ақ DRIBs-II ауыр иондар кешенін құру бойынша жұмыстар ойдағыдай жүргізілуде. Институт ұжымының алдындағы өзекті міндет – әлемдік ғылыми қоғамдастықтың, ең алдымен, қатысушы мемлекеттердің ғылыммен айналысатын жастарының өзінің жеке қондырғыларында жүргізілетін зерттеулеріне деген қызығушылығын арттыру мәселесі шешілуде. БЯЗИ қызметінің маңызды бағыты – кең түрдегі халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастық болып табылады: институт әлемнің 60 еліндегі 700-ге жуық ғылыми орталықтармен және университеттермен байланыс жасайды. БЯЗИ-дің ірі серіктесі Ресейдің өзінде ресейлік 50 қаладағы 150 ғылыми орталықтармен, университеттермен, өнеркәсіп кәсіпорындарымен және фирмалармен ынтымақтастық жүзеге асырылады.Біріккен институт жоғарғы энергиялар физикасының көптеген теориялық және эксперименттік міндеттерін шешуде Еуропалық Ядролық зерттеулер ұйымымен (ЦЕРН) белсенді түрде ынтымақтастық жүргізеді. БЯЗИ-дің ғасыр жобасы – «Үлкен адрондық коллайдер (LHC)» жобасына қосқан қомақты үлесі әлемдік ғылыми қоғамдастықтың жоғарғы бағасына ие болды.

БЯЗИ-дің ATLAS, CMS, ALICE детекторларының жекелеген жүйелерін және LHC машинасының өзін әзірлеу және құру жөніндегі барлық міндеттемелері ойдағыдай және дер кезінде орындалды. БЯЗИ физиктері LHC қондырғысында элементар бөлшектер физикасы саласында кең ауқымды іргелі зерттеулер жүргізуге дайындауға жұмылдырылған. Институттың Орталық ақпараттық-есептеуіш кешені LHC қондырғысындағы эксперименттермен және ірі ауқымды есептеулерді қажет ететін басқа да ғылыми жобалармен байланысты міндеттерді шешу үшін белсенді түрде қолданылады. Елуден астам жыл ішінде БЯЗИ-де кең ауқымды зерттеулер орындалып, қатысушы мемлекеттер үшін жоғары білікті ғылыми кадрлар даярланды. Олардың арасында БЯЗИ мүше мемлекеттердің Ұлттық ғылым академияларының президенттері, аса ірі ядролық институттар мен университеттердің басшылары бар.

БЯЗИ-де талантты жас мамандарды оқытуға барлық қажетті жағдайлар жасалған. Дубна қаласында Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы 30 жылдан астам жұмыс істейді, БЯЗИ оқу-ғылыми орталығы, сондай-ақ «Дубна» Халықаралық табиғат, қоғам және адам университетінде теориялық және ядролық физика кафедралары ашылды.Жыл сайын институт көптеген журналдардың редакцияларына және конференциялардың ұйымдастыру комитеттеріне 3000-ға жуық автордың 1500-ден астам ғылыми мақалалары мен баяндамаларын ұсынады. БЯЗИ жарияланымдары әлемнің 50-ден астам елдеріне таратылады.Ядролық физика саласы бойынша бұрынғы КСРО-да тіркелген жаңалықтардың жартысы (40-қа жуығы) БЯЗИ-дің үлесіне тиеді.

Халықаралық таза және қолданбалы химия одағының Д.И.Менделеев кестесінің 105-ші элементін «дубний» деп атау туралы шешімін Институт ғалымдарының қазіргі заманғы физика мен химияға қосқан аса зор үлесі үшін берген үлкен бағасы деп тануға болады.Институттың соңғы уақытта қол жеткізген жетістіктерінің ішінде аса ауыр элементтерді зерттеу бағдарламасы ерекше орын алады. Дубна ғалымдарымен жаңа, ұзақ өмір сүретін, реттік нөмірлері 113, 114, 115, 116, 118 болатын аса ауыр элементтер синтезделді. Бұл маңызды жаңалық әртүрлі елдерден жиналған ғалымдарының аса ауыр ядролардың «тұрақтылық аралын» іздестіру жөніндегі 35-жылдық еңбегінің жемісі болып табылады.БЯЗИ 15 жылдан аса Дубнаның инновациялық белдемін құру жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыруға қатысып келеді. 2005 жылы РФ Үкіметі «Дубна қаласының аумағында техникалық енгізу түрінде ерекше экономикалық аймақ құру туралы» қаулыға қол қойды. БЯЗИ-дің ядролық-физикалық және ақпараттық технологиялар сияқты өзіндік ерекшеліктері ЕЭА бағытында өз орнын тапты.

Біріккен ядролық зерттеулер институты – іргелі ядролық-физикалық зерттеулер, жаңа технологияларды әзірлеу және қолдану, сондай-ақ тиісті білім салаларындағы университеттік білім біріктірілген көпжоспарлы ірі халықаралық ғылыми орталық. Қазақстан мен Біріккен институт физиктерінің ынтымақтастығы бірнеше ондаған жылдар бойында жалғасын табуда. БЯЗИ ұйымдастырылған сәттен бастап, яғни 1956 жылдан бері институттың әртүрлі зертханаларындағы жұмыстарға Қазақстан физиктері жұмыла кірісті, олар БЯЗИ ғылыми бағдарламаларын жүзеге асыруға өзіндік айрықша және салмақты үлестерін қосты. Бүгінгі таңда Қазақстандық мамандар БЯЗИ ірі жобаларына қатысуда. ҚР мен БЯЗИ ғалымдарының ынтымақтастығы нәтижесінде 200-ден астам бірлескен жұмыстар жарыққа шықты, оның ішінде 95 мақала шетелдік басылымдарда және 100-ден астам баяндама халықаралық конференцияларда жарияланды.

Қазақстандық ғылыми қызметкерлердің көбі БЯЗИ ғалымдарымен ынтымақтастық нәтижесінде алынған материалдар негізінде кандидаттық және докторлық еңбектерін қорғады.Дубнаның анағұрлым белсенді серіктестері: Әл Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ және бірқатар қазақ ғылыми-зерттеу университеттері (ҚР ҰЯО ЯЗИ, ҚР БҒМ ФТИ және т.б). ҚР ҰЯО ЯФИ Пәнаралық ғылыми-зерттеу кешені (ПҒЗК) үшін мейлінше қысқа мерзімде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанында БЯЗИ-да Астана қаласында DC-60 циклотроны негізінде үдеткіш кешен жобаланып, жасалды және іске қосылды.Энергия диапазоны мен кең спектрлі үдетілген иондар шоғын алуға мүмкіндік беретін DC-60 ауыр иондар циклотроны ядролық физика, радиациялық технологиялар және жоғары білікті физик-мамандар даярлау жөніндегі эксперименттік кешеннің негізі болды. ҚР ҰЯО ЯФИ және БЯЗИ ПҒЗК үдеткіш кешеніндегі бірлескен жұмыстар қысқа уақыт ішінде физиканың, химияның және жоғары технологиялардың ең озат бірқатар бағыттары бойынша Қазақстанның жеке кадрлық мектептерін құруға мүмкіндік береді.Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, ҚР ҰЯО және БЯЗИ арасында 2007 жылы Пәнаралық ғылыми-зерттеу кешені негізінде Халықаралық инновациялық-білім беру консорциумын құру туралы Меморандумға қол қойылған болатын. Консорциумның жоғары білікті мамандар даярлау жөніндегі міндеттерін жүзеге асыру үшін «Ядролық физика, жаңа материалдар мен технологиялар» халықаралық кафедрасы құрылды.


Ресми web-сайты