30 May 2018
Қазақстан ғалымдарының күшімен Семей полигонының аумағы бүгінде бүкіл әлемнің зерттеушілері жұмыс істеуге ұмтылатын бірегей зертхана болып табылады. Радиациялық қауіпсіздік, атом қаруын таратпау мәселелері, ядролық физика саласындағы іргелі зерттеулер, бұл бүгінгі таңда еліміздің ауқымды ғылыми-зерттеу кешені – ҚР Ұлттық ядролық орталығы жұмыс істейтін бағыттардың толық емес аясы.
Әскерилер жоқ, ғалымдар бар
26 жыл бұрын Семей ядролық полигоны мәңгі үнсіз қалғанда әскерилердің орнына ғалым-ядрошылар келді. Оларға іс жүзінде көрмей-білмей (барлық құжаттама шығарылды немесе жойылды – «Къ») шетелдік әріптестерімен бірге жиырма жыл ішінде қолданыстағы сынақ полигонының барлық инфрақұрылымын жоюға тура келді.
«Байкал-1» және ИГР реакторлық кешендері, стендтер, қондырғылар – осының барлығы Семей полигоны аумағындағы әскери-өнеркәсіптік кешен қызметінен кейін ҚР Ұлттық ядролық орталығының мұрасына айналды. Ғалым-ядрошылар бірегей табиғи зертхананы сақтап қана қоймай, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында оның ғылыми-техникалық базасын айтарлықтай толықтырды. Осының арқасында қазақстандық ғалымдар Ресей, АҚШ, Франция, Жапония және басқа да бірқатар елдердегі әріптестерімен бірлесіп, атомды бейбіт игеру ісін жалғастыра отырып, бірегей технологияларды әзірлеуге және радиоэкологиялық зерттеулер, термоядролық және ядролық энергетика саласындағы ірі халықаралық ғылыми жобаларды іске асыруға мүмкіндік алды.
«Өткен 26 жыл ішінде ҚР Ұлттық ядролық орталығы қуатты ғылыми-зерттеу орталығына, халықаралық ғылыми қоғамдастықтың толыққанды қатысушысына айналды. Ғылыми-техникалық әлеует, ғылыми бағыттардың кеңдігі және бірегей эксперименттік базаның болуы осы жылдар ішінде халықаралық әріптестермен бірлесіп ядролық сынақтар жүргізу инфрақұрылымын жою жөніндегі проблемалардың күрделі кешенін ойдағыдай шешуге, ядролық қару сынақтарының салдарын жою жөніндегі жұмыстарды аяқтауға, сондай-ақ Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшін ғылыми-техникалық, технологиялық және кадр базасын құруға мүмкіндік берді. Ұлттық ядролық орталықтың қызмет еткен жылдардағы барлық жетістіктері Мемлекет басшысы, Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен жазылған «Бұрынғы Семей сынақ полигонын қауіпсіз күйге келтіру жөніндегі ғылыми-техникалық және инженерлік жұмыстар кешенін жүргізу» атты үш томдық басылымда көрініс тапқанын атап өткім келеді. Бірегей жұмыс тәжірибесі туралы айту өте маңызды болды, сондықтан үш томдық 3 тілде (қазақ, орыс және ағылшын) жарияланып, әлемнің кітапханалары мен ғылыми ұйымдарына таратылды», - деп атап өтті ҚР ҰЯО бас директоры Эрлан Батырбеков.
Шетелдік әріптестермен серіктестікте
ҚР ҰЯО-ның ядролық зерттеу реакторлары мен бірқатар эксперименттік стендтері реакторлар физикасы, ядролық технологиялар, ядролық отын мен реакторлық материалдарды қауіпті жылу режимдерінде сынау, конструкциялық материалдардың радиациялық тұрақтылығы және т.б. мәселелері бойынша қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу үшін пайдаланылады.
Ірі халықаралық жобаларды ҚР Ұлттық ядролық орталығы 2018 жылы да іске асырады. Эрлан Батырбековтің айтуынша, атом энергетикасы саласында EAGLE-3 жобасы іске асырылуда. Сондай-ақ бұдан бұрын ойдағыдай іске асырылған Cormit және Fukushima келісімшарттары бойынша жұмыстар жалғасатын болады.
«ҚР Ұлттық ядролық орталығы «Фукусима-1» АЭС авариялық реакторының актив аймағының балқымасын модельдеуге қол жеткізген әлемдегі жалғыз ұйым болды. Бұл жай модельдеу ғана емес, осы кешеннің физикалық және химиялық қасиеттерін зерттеу», - деп атап өтті Эрлан Батырбеков. - Бұл біздің жапондық әріптестерімізге реактордың актив аймағының балқымасымен жұмыс істеу бойынша бірқатар ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік берді.
Cormit жобасын атом энергетикасындағы радиациялық қауіпсіздік саласындағы қызықты жобалардың бірі деуге болады. Ол балқыманың актив аймағына арналған тұтқышқа түсуі мүмкін арнайы материалдарды зерттеуді және іздеуді қамтиды. Дәл осы тұтқыш оқыс жағдай туындаған кезде актив аймақ балқымасын ұстауға арналған. Осылайша, ядролық реактор балқымасының суға немесе топыраққа түсуі мүмкін кезде қайталама қауіпті фазаның басталу қаупін болдырмайды.
Қазіргі уақытта ҚР ҰЯО басшылығы жобалардың географиясын кеңейтуде. Ынтымақтастықта Атом энергиясы және баламалы энергия көздері жөніндегі Француз комиссариаты ИГР реакторында сынақтар жүргізуге қызығушылық танытты. Ресейлік әріптестер, атап айтқанда Доллежаль атындағы ЭТҒЗКИ үлкен қызығушылық білдіруде, олармен 2017 жылғы 19 мамырда халықаралық семинарды өткізу кезінде келісімге қол қойылды. Келісім шеңберінде ИГР реакторында бірқатар реакторлық эксперименттер жүргізу көзделген.
«Осы бағдарламаларды іске асыру ҚР ҰЯО-ға өзінің эксперименттік мүмкіндіктерін кеңейтуге және шапшаң нейтрондардағы реакторлардың ауыр аварияларын модельдеуде жаңа құзыреттер мен тәжірибе алуға мүмкіндік беретінін атап өту қажет», - деп атап өтті Эрлан Ғаділетұлы.
Зерттеу реакторларын конверсиялау
Бірнеше жылдан бері ҚР Ұлттық ядролық орталығы зерттеу реакторларын конверсиялау жобасын орындап келеді. Оның басты мақсаты – ИВГ.1М және ИГР реакторларының отынын байытуды U-235 (Уран-235) бойынша 90%-дан 19,75%-ға дейін төмендету. Бұл ядролық қаруды жасауға жарамды ядролық материалдардың таралу қаупін азайту бағытында тағы бір қадам жасауға көмектеседі.
2017 жылғы 18 қазанда ИВГ.1М реакторын конверсиялау бағдарламасы шеңберінде актив аймақ құрамында төмен байытылған отыны (ССТА-ТБУ) бар сумен салқындатылатын екі эксперименттік технологиялық арнаны кешенді сынауды іске қосу сериясынан ИВГ.1М реакторын алғашқы іске қосу ойдағыдай жүргізілді.
Жүргізілген іске қосу жаңа маңызды кезеңнің – ИВГ.1М реакторының эксперименттік ССТА-ның уран-235 бойынша төмен байытылған перспективалы отыны (20%-дан кем) бар ресурстық реакторішілік сынауларының басталуын белгіледі.
Бүгінгі таңда реакторда 278 МВт×сағат жиынтық энергия бөлінуі кезінде осы сериядан 14 іске қосу іске асырылды (іске қосу сериясындағы энергия бөлінуінің мақсатты мәні 1 080 МВт×сағат).
ИВГ.1М реакторының отынын байытуды төмендету жөніндегі жұмыстар ҚР ҰЯО РМК мүдделеріне сәйкес келеді, себебі жақын уақытта қолданыстағы актив аймақтың ресурсы таусылады (реактивтіліктің ағымдағы қорының төмендігіне байланысты). Сонымен қатар, ҚР ҰЯО мамандарының күш-жігері реакторды конверсиялағаннан кейін оның пайдалану сипаттамаларын жақсартудың өзекті міндетін шешуге бағытталған. Ол үшін реактордың қуатын арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған технологиялық жүйелерін жаңғырту жөніндегі іс-шаралар кешені әзірленуде. Қолданыстағы жоғары байытылған отыны бар актив аймақты төмен байытылған отыны бар актив аймаққа ауыстыру ИВГ.1М реакторының жаңа Техникалық жобасын әзірлеуді және бекітуді талап етпейтініне қарамастан, конверсиялау барысында реакторды басқару және қорғау жүйесі (БҚЖ), отынның бітеулігін бақылау жүйесі және т. б. сияқты жүйелердің сипаттамаларын жақсарту мәселелері қарастырылуда.
РАҚ-пен жұмыс істеу
Осы «Байкал-1» реакторлық кешеніне 2010 жылы БН-350 реакторын пайдаланудан шығару жөніндегі жобаны іске асыру шеңберінде МАГАТЭ кепілдігімен ұзақ уақыт сақтау үшін осы реактордың пайдаланылған барлық ядролық отыны (БН-350 ПЯО) ауыстырылды.
Ұлттық ядролық орталық БН-350 ПЯО-сын сақтаудың қауіпсіз және сенімді шарттарын қамтамасыз етеді, бұл ретте осы отынға рұқсатсыз қол жеткізу ықтималдығы іс жүзінде нөлге тең.
«Байкал-1» зерттеу реакторлары кешенінің техникалық және технологиялық мүмкіндіктері мен ҚР ҰЯО мамандарының РАҚ-пен жұмыс істеу саласындағы құзыреттері РАҚ-қа және ампулалық иондаушы сәулелену көздеріне (АИСК) рұқсатсыз қол жеткізуді болдырмауға байланысты таратпаудың тағы бір міндетінің шешімін табуға мүмкіндік берді. «Байкал-1» кешеніндегі құрылыстардың негізінде 1995 жылы өнеркәсіпте, ғылымда, медицинада және басқа салаларда кеңінен қолданылатын РАҚ және пайдаланылған АИСК-ның мамандандырылған қоймасы құрылды.
Қазақстан Республикасында радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу бойынша қызметтерге деген жоғары тұрақты сұранысқа байланысты, қазіргі уақытта ҚР ҰЯО-да қалдықтарды сақтау технологияларының көлемі мен сапасын кеңейту бойынша іс-шаралар тұрақты негізде жүзеге асырылуда.
Бірегей зертхана
Бұрынғы Семей полигонының аумағы – КСРО әскери-өнеркәсіптік кешенінің бірегей мұрасы бүгінде ашық аспан астындағы бірегей зертхана болып табылады. 24 жыл бойы ҚР ҰЯО мамандары бұрынғы полигондағы радиациялық жағдайды бағалау бойынша зерттеулер жүргізуде.
«Бүгінгі күні полигон аумағының ауданы 10410 км2 (полигонның жалпы ауданының 56,3%-ы) болатын бір бөлігіне, сондай-ақ ауданы 770 км2 «Балапан» сынақ алаңының аумағына кешенді экологиялық тексеру жүргізілді. Полигон аумағын тексеру нәтижелері бойынша жалпы ауданы 9 970,45 км2 аумақтың адамдар мен қоршаған ортаға қауіп төндірмейтіні анықталды, сондықтан оны шаруашылық мақсаттарда шектеусіз пайдалануға болады», - деп түсіндірді Эрлан Ғаділетұлы.
2021 жылы атап өтілетін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жылында полигонның бүкіл аумағын кешенді экологиялық тексеруді аяқтау жоспарлануда, бұл ССП-ның меншікке немесе жер пайдалануға қайтаруға болатын аумағын айқындауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, қандай да бір шектеулермен пайдалануға болатын аумақтарды және босалқы жерлер болып қалуы тиіс аумақтарды анықтау жоспарлануда. Осылайша, 2021 жылы қолданыстағы радиоэкологиялық жағдайға сәйкес Семей сынақ полигонының шекарасын анықтауға мүмкіндік беретін ақпарат алынатын болады.
Таратпау режимін қолдау
Бұрынғы Семей сынақ полигонында (ССП) ядролық сынақтар аяқталғаннан кейін ядролық сынақтар жүргізу технологиясы туралы «шетін» ақпаратты қамтитын объектілер әлі де қалды. Мұндай объектілерге «Колба» контейнерлері мен арнайы технологиялық жабдықтар (АТЖ), Дегелең тау алабының жекелеген штольнялары және ядролық қызмет қалдықтарын қамтитын алаңдар жатады.
Сондықтан да Тәуелсіздік таңында Қазақстан Үкіметі ҚР ҰЯО алдына ЖҚҚ-ны таратпау режимін қолдауға байланысты мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар міндеттер қойды, олар бойынша жұмыстар халықаралық ынтымақтастық шеңберінде жүргізілді және әлі күнге дейін жүргізілуде.
«Біз халықаралық әріптестермен бірлесіп ядролық қару сынақтарының инфрақұрылымы мен салдарын жою бойынша кең ауқымды қызмет жүргіздік. Бүгін біз полигон шын мәнінде бұрынғыдан әлдеқайда қауіпсіз болды деп сеніммен айта аламыз, оның Қазақстанға және бүкіл әлемдік қоғамдастыққа әкелген тікелей қауіп-қатерлері оқшауланды», - деп түсіндіреді Эрлан Ғаділетұлы.
Инфрақұрылымды жою бойынша жұмыстарды орындау кезінде алынған тәжірибе Ұлттық ядролық орталыққа таратпау тұрғысынан ЖҚҚ сынақтарының салдарын жою жөніндегі жобаны іске асыруға кірісуге мүмкіндік берді. «Тәжірибе алаңының» сынақ алаңын егжей-тегжейлі тексеру басталды. Жұмыстың мақсаты ядролық қызмет қалдықтарының ықтимал жоғары шоғырлану орындарын анықтау және оларды одан әрі бейтараптандыру болып табылады. ССП-ның жекелеген учаскелерін қайта құнарландыру жұмыстары жүргізілуде.
Сынақтардың салдарын жою үшін «Тәжірибе алаңы» мен «Дегелең» алаңдарында неғұрлым ластанған учаскелерді қайта құнарландыру жұмыстары басталды. «Тәжірибе алаңында» ластанған топырақты алу, оны арнайы ерітінділермен байланыстыру және «Байкал-1» қоймасының аумағында ұзақ мерзімді сақтауға орналастыру жүргізілді. Осы учаскелерге іргелес аумақтарда радиоактивті ластану деңгейінің төмендеуі тереңдетіп жырту арқылы қамтамасыз етілді.
«Дегелең» алаңында 40 штольняның неғұрлым ластанған портал маңындағы учаскелерінің аумағына таза топырақ төгу жұмыстары жүргізілді. «Тәжірибе алаңы» мен «Дегелең» алаңдарындағы ядролық сынақтар, сондай-ақ «4» және «4А» алаңдарындағы әскери радиоактивті заттар (ӘРЗ) сынақтары жүргізілген жерлерге кіруді шектеу үшін физикалық қолжеткізуді шектеу жүйелері құрылды.
Қазақстан Республикасының ядролық қару мен материалдарды таратпау жөніндегі халықаралық режимін нығайту ісіндегі жинақталған тәжірибесі мен бастамалары Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбеков мүшесі болып табылатын көпжақты ядролық қарусыздану процесін бақылау (верификациялау) саласындағы БҰҰ Бас хатшысының үкіметтік сарапшылар – кеңесшілер тобының отырысына қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
«Сондай-ақ, Ұлттық ядролық орталық Қазақстан Республикасы үшін бірегей ғылыми-зерттеу кәсіпорны болып табылатынын атап өткім келеді. Бұл бірегейлік мен сіздерге айтқан айрықша мәселелер бойынша орталықтың құзыреттілігі мен үлкен тәжірибесінде ғана емес», - дейді Эрлан Ғаділетұлы, - сонымен қатар ғылыми әзірлемелеріміздің инновациялылығы мен сұраныста болуынан көрінеді. Менің ойымша, ғылыми-зерттеу ұйымдары жұмысының сәттілігі екі негізгі фактормен анықталады. Бұл қызметкерлердің жарияланымдық қызметі және қызметтің қаржылық-экономикалық көрсеткіштері.
Жарияланымдық қызметте ҚР ҰЯО Қазақстандағы үздіктердің бірі болып табылады. Бұған кәсіпорын қызметкерлерінің тобы ие болған «Ғылым көшбасшысы» марапаты дәлел болды, Thomson Reuters ақпараттық ресурсының деректері бойынша топтың мақаласы 2005-2015 жылдар аралығында әлемде дәйексөз ретінде ең көп алынған мақалалардың қатарына (1%) кірді. Аталған факт өткен жылы Ғылым жөніндегі ұлттық баяндамада көрініс тапты.
Қаржы-экономикалық көрсеткіштерге келетін болсақ, Ұлттық ядролық орталық соңғы бірнеше жыл ішінде бюджеттен тыс қаржыландыру көздерінен тартылатын қаржыландыру көлемін қарқынды түрде ұлғайтып келеді. Бүгінгі күні кәсіпорын бюджетінің 70%-дан астамы коммерциялық жобаларды іске асыру есебінен, бірінші кезекте халықаралық келісімшарттар мен келісімдер есебінен және тек 30%-ға жуығы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстар есебінен қалыптастырылады. Бұл біздің құзыретіміз бен тәжірибеміз тек ел ішінде ғана емес, халықаралық ғылыми қоғамдастықта да сұранысқа ие екендігінің көрсеткіші.
Авторы: Екатерина ГУЛЯЕВА
Фото: Demkristo.livejournal.com
https://www.kursiv.kz/news/industry-issues/v-nacionalnom-adernom-centre-rk-rasskazali-po-kakim-napravleniam-rabotaet-issledovatelskij-kompleks/
19 December 2024
13 December 2024
13 December 2024
05 December 2024