14 қараша 2018
2018 жылғы 12 қарашада Женева қаласындағы БҰҰ штаб-пәтерінде Үкіметтік сарапшылар тобының – БҰҰ Бас хатшысы кеңесшілерінің ядролық қарусыздануды ілгерілетудегі верификацияның рөлін қарастыру жөніндегі екінші сессиясы өз жұмысын бастады. Қазақстан Республикасы атынан сарапшы ретінде «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚазҰЖҒА және ҚР ҰИА академигі Эрлан Ғаділетұлы Батырбеков қатысады.
Үкіметтік сарапшылар тобы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес құрылған және әлемнің әртүрлі елдерінен келген ядролық қарусыздану саласындағы 25 сарапшыдан тұрады. Топ жұмысының нәтижесінде ядролық қарусыздануды верификациялау проблемасы бойынша баяндама әзірленіп, БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясында ұсынылатын болады. Топ жұмысының шеңберінде үш сессия өткізу жоспарланған.
2018 жылдың мамыр айында өткізілген бірінші сессия барысында барлық сарапшылар ядролық қарусыздануды бақылаудың практикалық тиімді шараларын әзірлеу мен күшейтуге, аталған шаралардың ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізудегі маңыздылығына қатысты өз көзқарастарын білдіріп, пікір алмасты.
Өткізіліп жатқан екінші сессияның маңызы зор, өйткені дәл осы кезде топ жұмысының есебін техникалық дайындау бойынша негізгі жұмыс көлемі орындалып, түбегейлі мәселелер шешілмек. Сессия жұмысы барысында болашақ баяндаманың негізі қалыптастырылып, оның жекелеген ережелері келісіліп, ядролық қарусыздануды верификациялау үдерісін іс жүзінде жүзеге асыру мәселелері талқылануда. Верификация қағидаттары, верификациялау үдерісін қамтамасыз ету үшін қажетті инфрақұрылым құру, ядролық қаруды жоюды бақылау рәсіміне қатысты көп қырлы және кемсітпейтін әдістерді зерделеу мәселелері бойынша пікірталастар жүргізілуде.
Соңғы, үшінші сессия 2019 жылдың көктемінде өткізілмек. Онда топтың қорытынды құжаты түпкілікті пысықталып, келісіліп, БҰҰ Бас хатшысына ұсынылатын болады.
31 қазан 2024
31 қазан 2024
24 қазан 2024
16 қазан 2024