Toshiba Energy Systems & Solutions Corporation компаниясымен ынтымақтастық


07 наурыз 2019

5 наурызда Токио қаласында ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Э.Ғ. Батырбековтің Toshiba Energy Systems & Solutions Corporation компаниясының директоры Goro Yanase мырзамен жұмыс кездесуі өткізілді.

CORMIT жобасы бойынша ағымдағы ынтымақтастық талқыланып, жобаның екінші сатысын (CORMIT-2) іске асырудағы жақсы ілгерілік атап көрсетілді. Yanase мырза жүргізіліп жатқан эксперименттік зерттеулердің ауқымды әрі күрделі екендігін айта келе, ҚР ҰЯО атынан қатысатын жоба командасына эксперименттерге қажетті жағдайлар жасаудағы күш-жігері үшін алғыс білдірді.

CORMIT жобасы сумен салқындатылатын реактордың (LWR – Light Water Reactor) актив аймақ материалдары балқымасының реактордың астындағы балқыма тұтқыштың бетон негізіне ауыр авария кезінде актив аймақтың балқыма тұтқышында ұстап тұруды қамтамасыз ету үшін жалатылатын жоғары температуралы әртүрлі қорғаныс материалдарымен өзара әрекеттесуін эксперименттік зерттеуге бағытталған.

CORMIT жобасының бірінші сатысы шеңберіндегі эксперименттік зерттеулер 2012 – 2016 жылдары орындалды. Реактордан тыс «Лава-Б» қондырғысында белгілі құрамдағы кориум прототипі балқыған кездегі фазалық ауысу температурасын анықтау және кориум прототипі балқымасының кандидат қорғаныс материалдарының үлгілерімен өзара әрекеттесуін зерделеу бойынша ірі ауқымды он эксперимент және шағын ауқымды эксперименттердің бірнеше сериясы (барлығы 70-ке жуық) орындалды.  2018 жылдан бастап жобаның екінші сатысы – CORMIT-2 іске асырылуда, бүгінгі таңда «Лава-Б» қондырғысында оннан астам шағын ауқымды эксперимент, калибрлік эксперименттер сериясы орындалды, сондай-ақ индукциялық қыздыру әдісімен қалдық жылудың бөлінуін моделдей отырып, реактор астындағы тұтқыштың ыстыққа төзімді жабынын зерделеу бойынша бір ірі ауқымды эксперимент жүргізілді. 

Ұлттық ядролық орталықпен келешектегі ынтымақтастықты талқылау кезінде Toshiba Energy Systems & Solutions Corporation басшысы жапондық тараптың ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мен кеңейтуге деген қызығушылығы туралы айтып өтті. Yanase мырзаның пікірінше «Фукусима-1» АЭС-індегі апаттық кориумды қауіпсіз алып шығу және сақтау проблемасын шешуге қолдау көрсетудегі зерттеулер өзекті болып табылады. Ұлттық ядролық орталықтың біліктілігі мен эксперименттік базасының мүмкіндіктерін ескерер болсақ, шағын және орта қуатты энергетикалық реакторлардың жобаларын әзірлеумен, техногендік әсерге ұшыраған аумақтардағы радиоэкология мәселелерімен, сондай-ақ алғашқы ИТЭР халықаралық термоядролық реакторын құру үшін Toshiba Energy Systems & Solutions Corporation компаниясы ұсынған жабдықтардың элементтерін КТМ токамагында сынаумен байланысты бірлескен жұмыстардың жаңа бағыттары да қызығушылық туғызады.

Басшылар ынтымақтастықтың ұсынылған жаңа бағыттары шеңберінде келешектегі өзара іс-қимылдың техникалық мәселелерін мейлінше жан-жақты талқылауға бағытталған семинарлар өткізу туралы уағдаласты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Токамак международное сотрудничество исследовательские реакторы няц рк CORMIT TOSHIBA ИТЭР