03 сәуір 2019
ҚР Ұлттық ядролық орталығы 2019 жылғы 2 сәуірде 86 жасқа қараған шағында қазақтың белгілі ғалымы, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының алғашқы бас директоры Ғаділет Әндиянұлы Батырбековтің өмірден озғандығы туралы қайғырып хабарлайды.
Ғаділет Әндиянұлы ядролық ғылым мен техниканы дамытуға, ядролық реакторлар физикасы мәселелерін шешуге қомақты үлес қосты. Ғ.Ә. Батырбеков торий экранды алғашқы шапшаң нейтрондардағы реактор құрып, зерттеулер жүргізді, осының нәтижесінде уран-торий циклінде ядролық жанармайды кеңейтіп өндіру арқылы ядролық энергетиканы дамыту мүмкіндігі негізделді.
Ғ.Ә. Батырбековтің Қазақстанның ВВР-К ядролық зерттеу реакторын әзірлеуге, жетілдіруге және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі өте зор.
Оның басшылығымен ядролық-энергетикалық қондырғылар физикасы зертханасында сындық стенд – түрлі эксперименттік қондырғыларда әртүрлі актив аймақтарды модельдеу мен зерттеуге мүмкіндік беретін кіші қуатты реактор әзірленді.
1970 жылы Ғаділет Әндиянұлының басшылығымен әртүрлі газды орталардағы ядролық-қозған плазмалар мен ядролық реактордағы ядролық және комбинациялық толтырылған лазерлер зерттеле басталды. Кейінірек электрмен иондалған СО2 молекулалық ауысуларында лазер сәулесін генерациялауға алғаш рет қол жеткізді.
1979 жылы Ғ.Ә. Батырбеков шапшаң нейтрондардағы термоэмиссиялық реактор-түрлендіргіш және өзіндік емес разрядтары бар лазерлер негізінде электр энергиясын және лазер сәулесін генерациялайтын ғарышқа арналған ядролық энергетикалық қондырғы құру тұжырымдамасы ұсынды. Күрделі теориялық жұмыстардың арқасында 1983 – 1990 жылдар аралығында Физика-энергетика институтында Ғ.Ә. Батырбековтің басшылық етуімен Ядролық-энергетикалық қондырғының (ЯЭҚ) термоэмиссиялық реактор-түрлендіргішінің физикалық прототиптерінің бірінде аталмыш жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін растайтын толық ауқымды эксперименттер орындалды.
Ғ.Ә. Батырбековтің ядролық реакторлар физикасы мен техникасы, ядролық қозатын плазма физикасы мен химиясы, ядролық және комбинациялық толтыру, электр энергиясы мен лазерлік сәулені генерациялайтын ядролық-энергетикалық қондырғылар жөніндегі ғылыми еңбектері Қазақстанда және шет елдерде кеңінен танымал. Ғылыми зерттеулерінің нәтижелері 250-ден астам ғылыми жұмыстар мен баяндамалар түрінде бүкіл әлемде өткізілетін халықаралық конференцияларда көрініс тапты.
Ғаділет Әндиянұлы құрған ғылыми мектеп – бұл оның белсенді ғылыми қызметпен айналысқан кезде өзі тәрбиелеп өсірген, оның ісін жалғастырушы кілең жоғары білікті мамандар тобы. Еңбексүйгіштігінің, талапшылдығының, энциклопедиялық кең ой-өрісінің арқасында Ғ.Ә. Батырбеков ғылыми ортада әрдайым үлкен құрметке ие болды.
Ғаділет Әндиянұлының өміріндегі айрықша кезең оның Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының іргесін қалау мен дамытуға қосқан үлесі болып табылады, ол 1992 жылы жаңадан құрылған кәсіпорынның бас директоры болып тағайындалды. Күрделі әрі өтпелі саяси және экономикалық кезеңде Семей сынақ полигонындағы КСРО-ның бұрынғы әскери-өнеркәсіптік кешенінің әлеуетін сақтап қалу және оның негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының институттарын құру жауапкершілігі Ғ.Ә. Батырбековтің иығына жүктелді. Ғ.Ә. Батырбеков бас директордың лауазымын атқарған жылдары полигонда ҚР ҰЯО құрамында төрт ғылыми-зерттеу ұйымы құрылды, олар – Атом энергиясы институты, Радиациялық қауіпсіздік және экология институты, Геофизикалық зерттеулер институты және Емдеу-диагностикалық орталығы. Олардың ғылыми және халықаралық қызметі қанатын жайды, ҚР ҰЯО мен оның институттарының құрылымы әзірленді. Ғаділет Әндиянұлының басшылығымен алғашқы «Қазақстанда атом энергетикасын дамыту» республикалық нысаналы ғылыми-техникалық бағдарламасы әзірленді. Оның қатысуымен ҚР ҰЯО және оның институттарының АҚШ-тың Ұлттық зертханаларымен, Ресейдің, Жапонияның, Францияның, ГФР және т.б. елдердің ведомстволарымен және институттарымен кең ауқымды халықаралық ынтымақтастық орнатылып, МАГАТЭ және ХҒТО халықаралық ұйымдарымен бірлескен жобалар жүзеге асырыла бастады. Тиімді халықаралық ынтымақтастықтың арқасында Семей полигонындағы және басқа да ядролық полигондардағы радиоэкологиялық жағдайды зерделеу саласындағы жұмыстар, энергетикалық ядролық реакторлар қауіпсіздігін зерттеу, әлем полигондарындағы, т.б. сынақтарды бақылайтын сейсмикалық станция желілерін жаңадан жабдықтау және бабына келтіру жұмыстары жүргізіліп, құнды нәтижелерге қол жеткізілді. Бүгінде ҚР ҰЯО Қазақстанның атом энергетикасы, радиациялық экология және әлем полигондарындағы ядролық қару сынақтарын бақылау саласында көптеген елдермен ынтымақтастық жүргізу орталығына айналды.
Физика ғылымын дамытуға, жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлауға қосқан зор үлесі үшін Ғ.Ә. Батырбековтің еңбегі бірқатар Мемлекеттік наградалармен атап өтілді. 1976 жылы оның есімі «Қазақ КСР-інің Құрметті Алтын кітабына» енгізілді, 1982 және 1986 жылдары КСРО-ның «Еңбектегі ерлігі үшін» және «Ерлік еңбегі үшін» медальдарымен, 2007 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Парасат» Орденімен, «ҚР Атом саласының еңбек сіңірген қызметкері» (Алтын белгі) құрмет төсбелгісімен, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының, Білім министрінің, ҚР Энергетика және шикізат ресурстары министрінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Көп функциялы эксперименттік база құрғаны, ядролық-физикалық зерттеу әдістерін әзірлеп, іске енгізгені, ядролық физика, қатты дене физикасы және радиациялық материалтану саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулері, ядролық, радиациялық және ион-плазмалық технологияларды жасағаны және жоғары білікті кадрлар даярлау мәселелерін шешкені үшін Ғаділет Әндиянұлы Батырбековке мамандар тобының құрамында 2009 жылғы ғылым және техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді.
Ғаділет Әндиянұлы елін сүйген лайықты азамат ретінде, атақты ғалым физик және білікті басшы ретінде мемлекетіміздің тарихында өшпес із қалдырды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының ұжымы ауыр қайғыға ортақтаса отырып, Ғаділет Әндиянұлының отбасы мен жақын-жуықтарына, ұлы Эрлан Ғаділетұлы Батырбековке қайғырып көңіл айтады. Марқұмның жарқын бейнесі мәңгі жүрегімізде қалады.
31 қазан 2024
31 қазан 2024
24 қазан 2024
16 қазан 2024