30 қазан 2016
Ядролық қару сынақтарының инфрақұрылымын және зардаптарын жою бойынша кең ауқымды қызметтердің қорытындысы, бұрынғы ССП әскери-өнеркәсіп кешенін бейбіт мақсатқа конверсиялау жұмыстары, ҚР Ұлттық ядролық орталығының шетелдік серіктестермен бірлесіп жүргізген қауіпсіз атом энергетикасы мен радиоэкология саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық нәтижелері "Бұрынғы Семей сынақ полигонын қауіпсіз күйге келтіру бойынша ғылыми-техникалық және инженерлік жұмыстар кешенін жүргізу" атты 3 томдық монографияда көрсетілді. Авторлары: Н.Ә.Назарбаев, В.С.Школьник, Э.Ғ.Батырбеков, С.А. Березин, С.Н. Лукашенко, М.Қ. Сқақов.
«Қызметіміздің барлық стратегиялық бағыттары бойынша көп жылғы табысты жұмыстың бүкіл тәжірибесін біз Семей сынақ полигоны жабылуының 25 жылдығы қарсаңында жарияланған үш томдық монографияға жинақтадық,-деді ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков, - Астанада өткен көрмеде біз кітапты таныстырдық және аталған еңбектің бірегейлігі, уақтылығы мен маңыздылығы туралы ғылыми қоғамдастықтың, шетелдік серіктестердің оң бағаларын алдық».
"Ұлттық қасіреттен – ұлттық мақтанышқа". Мемлекет Басшысының мақаласымен ашылатын үш томдық монография осындай ұранмен шықты. Елбасы Тәуелсіздік бастауында қабылданған маңызды тарихи шешімдер және 25 жыл ішінде Қазақстан ұсынған және әлем қолдаған маңызды саяси бастамалар туралы айтты.
Монографияның бірінші томында бұрынғы Семей сынақ полигонының жаппай қырып жоятын қаруларды сынау инфрақұрылымын жою және оларды сынау салдарларын жою жөніндегі инженерлік-техникалық жұмыстардың сипаттамалары мен нәтижелері бірінші рет келтірілген.
Кітаптың екінші томы ССП-ға және оған іргелес аумақтарда жүргізілген ядролық сынақтар нәтижесінде қалыптасқан радиоэкологиялық ахуал мәселелеріне арналған.
Кітаптың үшінші томы бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының эксперименттік ғылыми-техникалық базасында орындалған атом энергетикасы саласындағы ғылыми жұмыстар мен зерттеулердің маңызды нәтижелеріне арналған.
Кітап ҚР Ұлттық ядролық орталығының ғылыми әлеуетін, ССП-дағы шешілетін міндеттердің әртүрлілігі мен күрделілігін, олардың Қазақстан және әлемдік қоғамдастық үшін ғылыми-тәжірибелік маңыздылығын дәлелдейді. Аталған монографияда келтірілген жұмыстардың тақырыптары мен олардың нәтижелері арқылы бағыттардың ғылыми мәнділігі, олардың халықаралық танылуы мен маңыздылығы анық байқалады.
19 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
05 желтоксан 2024