19 қыркүйек 2019
Бүгін, 18 қыркүйек күні МАГАТЭ Бас конференциясының 63-ші сессиясы алаңында ҚР Ұлттық ядролық орталығы (ҚР ҰЯО) мен Корея атом энергиясы зерттеу институты (KAERI) арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Келісім атом энергетикасы мен радиоэкологияны дамыту бағыттары бойынша екі жақты ғылыми-техникалық ынтымақтастықты білдіреді. Тараптар жұмыс істеп тұрған және жобаланатын ядролық реакторлардың қауіпсіздігін арттыру, ядролық зерттеу реакторларында пайдалану мен эксперименттік жұмыстарды ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету саласындағы; ядролық синтез, қатты дене физикасы, радиациялық материалтану және жаңа материалдар алу технологиялары саласындағы; радиациялық қауіпсіздік және радиациялық экология (радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеуді, сақтауды және кәдеге жаратуды қоса алғанда) және т. б. салалардағы зерттеулер мен әзірлемелер мәселелерінде бірге қызмет атқаратын болады.
ҚР ҰЯО бас директоры Эрлан Батырбековтің айтуынша, соңғы жылдары Корея Республикасының ұйымдарымен ынтымақтастық мәселелері айтарлықтай алға жылжыды. Атап айтқанда, биылғы жылдың сәуір айында Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Иннің Қазақстанға сапары шеңберінде KINAC-пен ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұдан кейін биылғы жылдың шілде айында кореялық тараптың шақыруы бойынша ҚР ҰЯО делегациясы KINAC, KAERI, АЭС-те болып, одан әрі ынтымақтастық бағыттары қарастырылды. Бұл сапардың нәтижесінде KAERI-мен келісімге қол қойылды.
Тараптар қол қойылған келісім атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан мен Корея Республикасының ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және нығайтуға қызмет ететініне сенім білдірді.
19 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
05 желтоксан 2024