17 сәуір 2017
ҚР Ұлттық ядролық орталығын 1995 жылы орталық алғаш құрылған күндерден бастап оны қалыптастыруға белсенді түрде атсалысқан техника ғылымдарының докторы Черепнин Юрий Семенович басқарды.
Юрий Семенович былай деп еске алады: «ҚР ҰЯО-ның құрылуына себепкер болған оқиғаларда Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Өмірзақ Махмұтұлы Сұлтанғазиннің үлкен рөл атқарғандығын атап өтер едім. Ол жоғары білікті ғалым ретінде ұжымның және КСРО тараған соң полигонда қалған қондырғылардың бірегей мүмкіндіктерін жақсы білетін. Өмірзақ Махмұтұлы республикалық ҒА президенті және КСРО халық депутаты деген жоғары беделін пайдалана отырып, ССП-да атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажеттігі туралы пікірін батыл айта білді. Полигонның негізгі зерттеу ұйымы – Бірлескен экспедицияның Қазақстан ҒА ғылыми мекемелерімен тығыз қарым-қатынастар жасауына ықпал етті. Әскери өнеркәсіп кешенінің бұрынғы одақтас кәсіпорындарын жас елдің экономикасына тезірек бейімдеудің тағы бір айқын жақтаушысы – Қазақстанның Инженерлік академиясы. Оның басшылары У.А. Жолдасбеков пен А.В. Болотовтың бастамасымен ССП кәсіпорындарының халық шаруашылығы мүддесіне жаратуға болатын қолда бар мүмкіндіктеріне жедел талдау жүргізілді».
Сонымен, ҚР Ұлттық ядролық орталығы құрылып, құрылымы бекітілді, кәсіпорынға мемлекеттік тапсырмалар берілді. Солардың бірі – ССП қауіпсіздігін және ядролық материалдар мен сезгіш ақпаратты таратпау кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ арнайы технологияларын әзірлеу және ядролық сынақтардың салдарын жою мақсатында ССП-дағы ядролық сынақтар инфрақұрылымын жою.
Семей сынақ полигоны жабылған соң бұл жерде ядролық сынақтар жүргізу технологиялары туралы «сезгіш» ақпараттар бар «Дегелең» тау алқабының штольнялары, «Балапан» алаңының ұңғымалары және жекелеген инженерлік құрылыстар сияқты объектілер қалды.
Аталған қауіпті азайту мақсатында ССП аумағында ядролық сынақтар жүргізу инфрақұрылымын қарусыздандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жұмыстар кешені үш кезеңмен жүзеге асырылды: ядролық сынақтар жүргізу инфрақұрылымын жою (1996-2000 жж.); жаппай қырып-жоятын қарудың және онымен байланысты материалдардың, технологиялар мен білімнің таралуын болдырмау (2000 – 2007 жж.); бұған дейін құрылған тосқауылдарды күшейту және ядролық қызмет қалдықтарына рұқсатсыз қол жеткізуді болдырмау (2008 – 2012 жж.). Барлық жұмыстар алған рет жүргізілді және де әлем бойынша аналогы жоқ.
1996 – 2000 жж. жұмыстардың нәтижесінде «Дегелең» тау алқабында 181 штольня жойылды. «Балапан» сынақ алаңында пайдаланылмаған 13 сынақ ұңғымасын және 12 шахталық ұшыру қондырғысын (ШҰҚ) жою жөніндегі жоба әзірленіп ойдағыдай іске асырылды.
Жою жұмыстарымен қатар әлемдік сейсмикалық желіні калибрлеуге бағытталған бірегей эксперименттер жүргізілді. Бұл жұмыстар Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа қолдау көрсету үшін жүргізілді.
Бүгінгі таңда Юрий Семенович «Н.А. Доллежаль атындағы ЭТҒЗКИ» АҚ (Мәскеу қ.) бір бөлімшесінің директоры, жылу бөлгіш жинақтардың бас конструкторы, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген конструкторы болып табылады.
«Осы жылдар ішінде ҚР ҰЯО өзінің халықаралық беделін нығайтып, біртіндеп дамып келеді. Бір де бір эксперименттік қондырғы жоғалған жоқ, әлемде бұрын-соңды болмаған жаңа стендтер құрылды. Кадр құрамы толық дерлік жаңартылды, кадрлар даярлау жүйесі қалыптастырылды, жоғары білікті мамандар тәрбиеленді. Қазіргі уақытта ҚР ҰЯО елімізді инновациялық дамыту көшбасшыларының бірі болып табылатындығын сеніммен айтуға болады. Мен тағдырдың өзіме осындай тамаша ғылыми ұйымды құру мен қалыптастыруға қатысуға мүмкіндік бергенін мақтан тұтамын», - деп есіне алады Юрий Семенович.
Жалғасы бар…
19 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
05 желтоксан 2024