28 қаңтар 2020
2019 жылдың соңы «Бейбітшілік пен қауіпсіздікке арналған ғылым» деп аталатын НАТО бағдарламасының шеңберінде «Радиациялық және ядролық төтенше жағдайлар кезінде сұрыптаудың жаңа биологиялық және физикалық әдістері» грантын жеңіп алған, м.ғ.к. Лаура Кенжина жетекшілік ететін ҚР ҰЯО РМК Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының биодозиметриялық және эпидемиологиялық зерттеулер тобы қызметкерлерінің жетістігімен ерекшеленді. Аталған бағдарлама практикалық ынтымақтастықты дамытып, іске асырады, сондай-ақ ғылыми технологиялар мен инновациялардың қауіпсіздігіне байланысты ғылыми әлеуетті құру арқылы НАТО елдері мен әріптес елдер арасындағы диалогты кеңейтуге ықпал етеді.
Гранттың тұсаукесері қазан айында Брюссельдегі НАТО-ның штаб-пәтерінде өтті және НАТО-ның негізгі басым бағыты мен стратегиялық міндеттерінің бірі – химиялық, биологиялық, радиологиялық және ядролық агенттерден қорғау ретінде Альянстың көптеген тәуелсіз сарапшылары тарапынан қолдау тапты.
Ғылыми зерттеулер НАТО елдерінің үш ғылыми-зерттеу мекемесі – Италияның екі институтымен және Хорватия институтымен әріптестікте жүзеге асырылатын болады.
Грант шеңберінде радиациялық оқыс оқиғаларға байланысты төтенше жағдайларға дайын болу және ден қою үшін цитогенетикалық биологиялық дозиметрияның жаңа әдісін енгізу және жетілдіру жоспарлануда. Зардап шеккендер саны көп болған жағдайда адам денсаулығына зиян келтіретін салдардың алдын алу үшін ертерек және жылдам әрекет ету маңызды. Бұл іс-шаралар Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен қауіпсіздік талаптарының ажырамас бөлігі болып табылады.
Жоспарланған гранттың іс-шараларына сәйкес 3 жыл бойы қазақстандық мамандарды Еуропаның жетекші зерттеу орталықтарында оқыту, зерттеулер жүргізу үшін заманауи жабдықтар мен материалдар сатып алу, халықаралық ғылыми конференцияларға қатысу жүзеге асырылатын болады.
19 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
05 желтоксан 2024