09 маусым 2017
Бүгін 2017 жылғы 9 маусымда Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласындағы ҚР Ұлттық ядролық орталығында айтулы оқиға болды: «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуы күні КТМ токамагы қондырғысын физикалық іске қосудың бірінші кезеңі жүзеге асырылды.
Бұл бірегей жоба Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырысы бойынша басқарылатын термоядролық синтезді игеру жөніндегі халықаралық бағдарламаға қолдау көрсету үшін Ресей Федерациясымен тығыз ынтымақтастықта іске асырылуда.
«Қазіргі уақытта болашақ термоядролық реакторларды салу кезіндегі негізгі мәселелердің бірі олардың конструкциялық материалдарын жасау және сынау мәселесі болып отыр. Қазақстандық КТМ материалтану токамагын іске қосу арқылы аталған мәселе шешілетін болады,- дейді ҚР ҰЯО РМК бас директоры Эрлан Батырбеков. – Қазақстандық КТМ материалтану токамагында материалдарды олардың бір шаршы метріне 20 МВт-қа дейінгі жылу жүктемесімен сынау жоспарлануда, бұл болашақ термоядролық реакторларға арналған энергетикалық жүктемелердің параметрлеріне сәйкес келеді. Бұдан басқа, КТМ зерттеу кешенінің көмегімен көптеген инженерлік және іргелі ғылыми міндеттер шешілетін болады. Жақын болашақта термоядролық реакторлар адамзатты іс жүзінде таусылмайтын, экологиялық таза энергия көзімен қамтамасыз етеді».
Қазақстандық КТМ материалтану токамагын (бұдан әрі – КТМ) физикалық іске қосудың бекітілген Бағдарламасына сәйкес физикалық іске қосудың бірінші кезеңінің мақсаты КТМ-нің штаттық жүйелерін баптау және жұмыс қабілеттілігін тексеру болып табылады. Осы кезең шеңберінде плазмалық разряд сценарийінің бастапқы фазасы пысықталды: КТМ-нің вакуум камерасының ішінде тесуді ұйымдастыру арқылы қажетті жағдайларды қалыптастырылды.
Жұмыстарға Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының, «Курчатов институты» Ұлттық зерттеу орталығының Термоядролық зерттеулер блогының және Ресей Федерациясының Троицк инновациялық және термоядролық зерттеулер институтының мамандары қатысты. КТМ токамагы қондырғысын физикалық іске қосудың бірінші кезеңінің қорытындылары бойынша ҚР ҰЯО РМК (Қазақстан) және Курчатов институты (Ресей) «КТМ токамагын физикалық іске қосудың бірінші кезеңінің негізгі мақсаттарына қол жеткізілді» деген қарары бар хаттамаға қол қойды.
Объектідегі құрылыс-монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстарын 2017 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Қазақстандық КТМ токамагы 2017 жылдың соңында пайдалануға беріледі. 2018-2020 жылдар аралығында «Атом-ТМД» бағдарламасына сәйкес «Росатом» Мемкорпорациясы кәсіпорындарының, сондай-ақ ТМД елдерінің басқа да ғылыми ұйымдарының қолдау көрсетуімен жобалық есептік параметрлерге шығу жүзеге асырылып, сонымен қатар материалтану зерттеулері жүргізілетін болады.
31 қазан 2024
31 қазан 2024
24 қазан 2024
16 қазан 2024