Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы халықаралық термоядролық энергетика жөніндегі ұйыммен ынтымақтастық туралы келісті


15 маусым 2017

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Ұлттық ядролық орталығы және ITER Халықаралық термоядролық энергия жөніндегі ұйымы қызметтің әртүрлі салаларындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

 

Қол қою рәсімі Астана қаласында министрліктің «Тұрақты даму энергетикасын қамтамасыз ету» конференциясы аясында өтті. Құжатқа Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбеков және ұйымның бас директоры Бернард Биго қол қойды.

«Қол қойылған бүгінгі келісім ҚР ҰЯО РМК және ITER арасындағы біздің техникалық ынтымақтастығымыздың алғашқы қадамы болып табылады. ITER қондырғысы басқарылатын термоядролық синтезді коммерциялық пайдалануды көрсететін алғашқы термоядролық қондырғы болмақ. Біз өз тарапымыздан осыдан екі күн бұрын іске қосылған бірегей қондырғыны ұсынамыз. Физикалық іске қосу ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуымен тұспа-тұс келген өте орайлы іс болды, өйткені біз болашақтың энергиясы – басқарылатын термоядролық синтез энергиясы деп есептейміз. Осындай ынтымақтастық жүргізу мүмкіндігі және Қазақстанға ITER-дің қауымдастырылған мүшесі болу жөнінде жасалған бірегей ұсынысы үшін ITER ұйымына және жеке Биго мырзаға деген біздің алғысымыз шексіз. Бұл біздің еліміздің болашақтың энергиясында бірегей жетістіктерге қол жеткізген және иелік ететін он елдің қатарына кіруге мүмкіндік береді»,-деді Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбеков.

ITER ұйымының бас директоры Бернард Биго ITER ұйымының миссиясы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің тақырыбымен сәйкес келетінін атап өтті.

Қол қою рәсімі кезінде Биго мырза: «Тұрақты энергия – болашақтың бір бөлігі екеніне ешқандай күмән жоқ. Қазіргі сәтте ITER жобасы 35 елдің басын қосып отыр, оның ішінде Қытай, Үндістан, Корея, Ресей, АҚШ бар. Бұл елдер тұрақты энергияны дамыту үшін күш жұмылдыруда. Біз Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығымен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігіне ризашылық білдіреміз, жуырда құрылған материалдық зерттеу орталығымен жұмыс істеу – бұл бірегей мүмкіндік»,- деп сөзін жалғады.

Келісімге қол қою басқарылатын термоядролық синтезге қолдау көрсетуде технологияларды дамыту саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың маңызды қадамы болып табылады. Дәл осы мақсаттар үшін Қазақстанның жетекші ғылыми ұйымы – Ұлттық ядролық орталықтың негізінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы бірегей қондырғы ­­­– КТМ токамагы құрылуда. Аталған жоба Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырысы бойынша басқарылатын термоядролық синтезді игеру жөніндегі халықаралық бағдарламаға қолдау көрсету үшін іске асырылуда. КТМ зерттеу кешенінің көмегімен көптеген инженерлік және іргелі ғылыми міндеттер шешілетін болады, халықаралық ғылыми қауымдастықтың ойынша жақын болашақта бұл термоядролық реакторлар адамзатты іс жүзінде таусылмайтын, экологиялық таза энергия көзімен қамтамасыз етеді.

 

Кazenergy қауымдастығының баспасөз орталығы

Токамак международное сотрудничество ITER EXPO2017