11 наурыз 2021
Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының (ҚР ҰЯО) бас директоры Эрлан Батырбеков Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымы Дайындық комиссиясының «B» жұмыс тобының төрағасы болып сайланды. Тағайындау рәсімі 2021 жылғы 08 наурызда әлемнің 150-ден астам елінің өкілдерінің қатысуымен онлайн режимде өтті.
Төраға лауазымына Норвегия, Парагвай және Қазақстанның кандидатуралары ұсынылды, бұған дейін төрт жыл бойы топты Йоахим Шульце (Германия) басқарды.
«ЯСЖТШҰ-ның «B» жұмыс тобына төрағалық ету жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режимін нығайтуға бағытталған біздің еліміздің бағытына берілген жоғары баға екендігі сөзсіз, - деп түсіндірді Эрлан Батырбеков. - Алдын ала барлық кандидаттар үлкен жұмыс жүргізді, дауыс беру бірнеше айға созылды, біз өз бағдарламаларымызды ұсындық, түрлі елдердің өкілдерімен бірқатар консультациялар өткіздік».
Біздің еліміздің кандидатурасын ұсыну – бұл Қазақстанның ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізуге бағытталған саясатты іске асырудағы бірегей тәжірибесіне негізделген салмақты шешім.
Қазақстанның саяси аренадағы көп жылғы белсенді қызметі, бейбіт бастамалары әлемдік қоғамдастыққа белгілі және қолдау тапты. Дәл біздің еліміз әлемдегі қуаты бойынша төртінші ядролық арсеналдан бас тартып, әлемдегі ең ірі үш ядролық полигонның бірі – ядролық қаруды әзірлеу мен жетілдіруді қамтамасыз еткен Семей сынақ полигонын (ССП) жабу туралы шешім қабылдай отырып, бүкіл әлемге үлгі көрсетті.
Осы жылдар ішінде Қазақстан ядролық қару сынақтарының инфрақұрылымы мен салдарын жою, Семей сынақ полигонының бұрынғы әскери-өнеркәсіптік кешенін бейбіт мақсаттарға конверсиялау бойынша кең ауқымды қызмет жүргізді, жаһандық қауіп-қатерді азайту, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режимін нығайту жөніндегі жұмыстарды жүргізуде бірегей тәжірибеге ие болды. Бұл жұмыстар ҚР ҰЯО-ға жүктелген.
Еліміз ТМД елдерінің арасында халықаралық қауіпсіздік пен ядролық қаруды таратпау жүйесіндегі іргетастардың бірі болып табылатын Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ) алғашқылардың бірі болып қосылғанын атап өткен маңызды.
Өткен жылдар ішінде Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымына (ЯСЖТШҰ) елеулі қолдау көрсетті және оның мақсаттарына қол жеткізудегі табандылығын көрсетті. Мысалы, Халықаралық мониторинг жүйесін – ХМЖ құру тұрғысынан белсенді ынтымақтастық байқалады. Атап айтқанда, ҚР ҰЯО-ның жедел басқаруымен төрт сейсмикалық және ХМЖ-ның бір инфрадыбыстық станциясы, сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық деректер орталығы – KNDC жұмыс істейді, қазіргі уақытта Орталық Азияда алғашқы асыл газдарды мониторингілеудің радионуклидтік станциясы құрылуда. Бұдан басқа, ҚР ҰЯО бұрынғы ССП аумағында 4 далалық оқу-жаттығуларын өткізуді ұйымдастырды. Бұл қатарда 40-тан астам мемлекеттен 200-ден астам адамның қатысуымен 2008 жылы өткізілген ауқымды, интеграцияланған далалық эксперимент ерекше орын алады. Қазақстанда жергілікті жердегі инспекция бойынша өткізілген төрт эксперименттің барлығы ЯСЖТШҰ бағдарламалық комитетінің жоғары бағасына ие болды.
Эрлан Батырбеков өзінің құттықтау сөзінде: «Төраға лауазымында Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының бастамаларын ілгерілету бойынша барлық күш-жігерін жұмсайды. Бұл еліміздің ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салуды орнату процесіне қосқан кезекті маңызды үлесі болады» деп атап өтті.
ЯСЖТШҰ бағыттары бойынша жұмыстарды тиімді орындауға Эрлан Батырбековтің ҚР ҰЯО бас директоры лауазымында, сол сияқты ССП-ны конверсиялау жөніндегі сарапшы, БҰҰ Бас хатшысының көпжақты ядролық қарусыздану процесін бақылау (верификациялау) саласындағы үкіметтік сарапшылар тобының-кеңесшілерінің мүшесі, Қазақстан Республикасы атынан Азиядағы Ядролық кооперация форумының (FNCA) үйлестірушісі, Қазақстан ғалымдарының Пагуош қозғалысы төрағасының орынбасары ретінде түрлі халықаралық алаңдардағы мол тәжірибесі қызмет етеді.
19 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
05 желтоксан 2024