10 қыркүйек 2021
Курчатовта Семей сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толуына арналған «Семей сынақ полигоны: радиациялық мұра және ғылыми-техникалық әлеуеттің даму келешегі» атты IX халықаралық конференция өз жұмысын аяқтады.
Конференция 2021 жылғы 7-9 қыркүйек аралығында онлайн режимде әлемнің 20-дан астам елінің ғылыми ұйымдарының, зерттеу институттарының, жоғары оқу орындары мен кәсіпорындарының 250-ден астам мамандарының қатысуымен өтті.
Қатысушыларға арнап ҚР Энергетика министрі Н.А. Ноғаев, АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Уильям Х.Мозер, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Николаевич Бородавкин құттықтау сөз сөйледі.
- Біз құрметті қонақтарымызға конференцияға қатысушыларға арналған жылы лебіздері үшін, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық қоғамдастықпен бірлесіп жүргізген бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағын қауіпсіз күйге келтіруге мүмкіндік берген ғылыми-техникалық және инженерлік жұмыстарды жоғары бағалағаны үшін алғысымызды білдіреміз, - деп атап өтті ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков.
Конференцияның жұмысы барысында пленарлық және секциялық отырыстарда 134 баяндама жасалды, олар атом энергетикасын дамыту, басқарылатын термоядролық синтез технологиясы, радиациялық экология және медицина мәселелері, ядролық қаруды таратпау режимін нығайту сияқты ғылыми бағыттарды қамтыды.
Қатысушылар ұсынылған баяндамаларды, олардың өзектілігі мен жаңалығын, сондай-ақ қаралған тақырыптардың уақтылығын жоғары бағалады.
Қазақстан Республикасының ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық режимді нығайтуға елеулі үлес қосқаны, радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ядролық сынақтардың салдарын жою мақсатында ССП аумағына ауқымды экологиялық тексеру жүргізгені атап өтілді.
Сондай-ақ қатысушылар органикалық энергия ресурстарының шектеулілігі және парниктік газдар шығарындыларын азайту мен көміртексіз энергетикаға көшу жөніндегі халықаралық күш-жігер жағдайында атомдық және термоядролық энергетиканы дамыту жаһандық энергетикалық проблемаларды шешудің басым міндеттерінің бірі болып табылатынын мойындады.
«Семей сынақ полигоны: радиациялық мұра және ғылыми-техникалық әлеуеттің даму келешегі» атты келесі Х халықаралық конференцияны өткізу 2023 жылға жоспарланды.
22 қараша 2024
31 қазан 2024
31 қазан 2024
24 қазан 2024