12 мамыр 2022
Ұлттық ядролық орталықтың 30 жылдығына – 30 жоба!
№ 9 жоба. 1999–2010 жж. БН-350 шапшаң нейтрондардағы реакторды пайдаланудан шығаруға қолдау көрсету мақсатындағы жұмыстар кешені
БН-350 реакторын пайдаланудан тікелей шығарудың алдында үлкен көлемде зерттеу, ұйымдастыру, жобалау, конструкторлық жұмыстар жүргізілуі тиіс болды, оған ҚР Ұлттық ядролық орталығының ғылыми, жобалау және өндірістік бөлімшелерінің басшылары мен мамандары белсенді түрде қатысты.
1997 жылы АҚШ Энергетика министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ғылым министрлігі – Ғылым академиясы «БН-350 реакторының ядролық материалдарын ұзақ уақыт сақтауға орналастыруға қатысты» атқарушылық шарт жасасты. Жұмыстарды бастауға «Маңғыстау облысының Ақтау қаласындағы БН-350 реакторын пайдаланудан шығару туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 22 сәуірдегі № 456 қаулысы негіз болды. Қаулы шыққан кезде пайдаланудан шығару жобасы әзірленбегендіктен, арнайы жасалып бекітілген Бірінші кезектегі іс-шаралар жоспары (Жоспар) және «БН-350 реактор қондырғысын пайдаланудан шығару жобасының негізгі ережелері» негізінде жұмыстарды орындауға кірісу туралы шешім қабылданды.
Негізгі ережелерде келесі жұмыс бағыттары қарастырылды:
Жоспардың ең маңызды бірінші кезегінде БН-350 реакторының пайдаланылған ядролық отынымен (ПЯО) жұмыс істеу көзделді, оны орындау барысында 1999-2010 жылдары Ұлттық ядролық орталық БН-350 реакторының пайдаланылған ядролық отынын (ПЯО) тасымалдау және сақтауға арналған қос мақсаттағы контейнерлерді пайдалану мүмкіндігі туралы техника-экономикалық зерттеулер жүргізуге, БН-350 реакторын пайдаланудан шығару жобасына арнайы техникалық талаптар әзірлеуге, БН-350 ПЯО-сымен жұмыс істеу технологиясын әзірлеуге белсенді түрде қатысты.
Қос мақсаттағы контейнерлерді пайдалану және ұзақ мерзімді сақтау қоймасы орналасатын жерді таңдау туралы оң шешім қабылданған соң ҚР ҰЯО РМК мамандары 2008 жылы «Байкал-1» ЗРК-де ұзақ мерзімді сақтау қоймасы және БН-350 РҚ пайдаланылған отынының қаптама комплектілерін қайта тиеу пункті» жобасын, сондай-ақ БН-350 реакторының ПЯО-сымен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздікті негіздеу бойынша есепті әзірледі.
2009 жылдың соңында құрылыс-монтаждау жұмыстары, орнатылған жабдықтарды сертификаттау және тіркеу аяқталғаннан кейін «Байкал-1» ЗРК-дегі сақтау алаңы мен Курчатов қаласындағы көліктік қаптама комплектілерін қайта тиеу пунктін мемлекеттік қабылдау комиссиясы пайдалануға берді.
2010 жылы теміржол және автомобиль көлігімен Ақтау қаласынан 60 көліктік қаптама комплектісі тасымалданып, «Байкал-1» ЗРК-ге ұзақ уақыт сақтауға орналастырылды.
Жоспардың бірінші кезегін іске асыру БН-350 реакторын ядролық-қауіпсіз күйге келтіруге мүмкіндік берді, осылайша, Қазақстан Республикасы БН-350 реакторын пайдаланудан шығарудың бірінші кезектегі жоспарының ең маңызды бөлігіндегі барлық міндеттемелерді орындады.
Жоспардың екінші кезегінде БН-350 реакторының сұйық металл жылу тасымалдағышымен жұмыс істеу көзделді.
2002 жылы ҚР Ұлттық ядролық орталығы «Цезий тұтқыш» жобасын әзірледі, оның мақсаты – БН-350 реактор қондырғысының бірінші контурының натрий жылу тасымалдағышындағы радиоактивті цезийдің (Cs-137) мөлшерін азайту. Жобаны іске асыру натрийдегі радиоактивті цезийдің (Cs-137) үлестік белсенділігін 2000 есеге жуық, 7,25×108 Бк/кг-дан 3,7×105 Бк/кг-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
2003 жылы Ұлттық ядролық орталық 280-300 °С температурада натрий ортасында 13 м астам тереңдікте бұрғылау жүргізу мақсатында «БН-350 реакторының қысымды коллекторын бұрғылау құрылғысы» жобасын, содан кейін «Дренаждау құрылғысы» жобасын әзірледі. Жобаларды іске асыру БН-350 реакторы корпусының дренаждалмайтын кеңістігінен 1 тоннадан астам натрийді алып тастауға мүмкіндік берді.
2005 жылы Ұлттық ядролық орталық «Натрий жылу тасымалдағышын қайта өңдеу қондырғысы» жұмыс жобасын әзірледі, оған сәйкес жабдық дайындалып, орнатылды, БН-350 натрийді қайта өңдеу қондырғысының ғимаратында іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілді. 2015 жылы Қазақстан Республикасы Экология кодексінің талаптарын ескере отырып, жобаға өзгерістер енгізілді. Қондырғы бірінші контурдағы 610 м³натрийді 70% сілтіге қайта өңдеуге арналған, оны кейіннен перспективалық технологиялық учаскеде геоцементтік тасқа қайта өңдеуге болады.
Аталған іс-шараларды орындау БН-350 қондырғысын ұзақ мерзімді сақтау режиміне дайындау кезінде ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ радиациялық факторларды азайтуға мүмкіндік берді.
22 қараша 2024
31 қазан 2024
31 қазан 2024
24 қазан 2024