Бұрынғы Семей сынақ полигонының радиациялық қауіпті аумақтарындағы қоршаған ортаның жай-күйін мониторингілеу жүйесін құру


16 мамыр 2022

Ұлттық ядролық орталықтың 30 жылдығына – 30 жоба!

№ 13 жоба. 2007-2022 жж. Бұрынғы Семей сынақ полигонының радиациялық қауіпті аумақтарындағы қоршаған ортаның жай-күйін мониторингілеу жүйесін құру

2008-2021 жылдар аралығында Семей сынақ полигонының (ССП) аумағына жүргізілген кешенді экологиялық тексеру нәтижесінде радиациялық жағдай туралы көлемді ақпарат алынды. Ядролық сынақтар жүргізілген жерлерден ССП-ға іргелес аумақтарға радионуклидтердің жылыстауының негізгі механизмдері – радионуклидтердің ауа және су ортасы арқылы тасымалдануынан, ал қосымша – табиғи ортаның радиоактивті ластануының екінші қайта таралу көздері болып табылатын топырақ және өсімдік жамылғысындағы радионуклидтердің жылыстауынан болатыны айқындалды.

Радиациялық қауіпті учаскелердің радиоактивті ластануы негізінен қоршаған орта объектілерінде 137Cs, 90Sr, 239+240Pu, 241Am және 3H техногенді радионуклидтердің болуымен сипатталады, олардың көпшілігі үлкен жартылай ыдырау кезеңіне ие, ал 3Н және 90Sr радионуклидтері олар пайда болған жерлерден алыс қашықтыққа көшуіне мүмкіндік беретін миграциялану қасиеттеріне ие.

Кешенді тексеру аяқталғаннан кейін ССП сынақ алаңдарын және радиоактивті түсу іздерін қамтитын радиациялық қауіпті аумақтар анықталды.

Қазіргі уақытта ҚР Ұлттық ядролық орталығының басты міндеттерінің бірі – қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізу, ол қоршаған орта мен халықтың қауіпсіздігіне әсер ететін радиациялық жағдайдың теріс өзгерістерін уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.

Мониторинг полигонның радиациялық қауіпті аумақтары шекарасының периметрі бойынша орналасқан пункттердегі радиациялық жағдайды бағалауды білдіреді және гамма-сәулеленудің баламалы дозасы қуатының деңгейін бақылауды, жерүсті және жерасты суларындағы, ауадағы, топырақтағы және өсімдіктердегі техногендік радионуклидтердің мөлшерін бақылауды қамтиды.

Мониторингтің мақсаты – радиациялық қауіпті аумақтар шекарасындағы радиациялық жағдайды сипаттайтын сапалық және сандық деректер алу.

Мониторингілеудің міндеттері келесі тармақтарды қамтиды:

– мониторинг пункттері орналасқан ауданда қоршаған ортаның радиациялық жай-күйін тұрақты бақылау;

– радиациялық жағдайдың дамуындағы ықтимал қолайсыз үрдістерді жедел анықтау;

– радиациялық ахуалдың өзгеру дәрежесі мен сипатын талдау, бағалау;

– туындаған радиациялық қауіпсіздік мәселелерін нақтылау мақсатында қосымша зерттеулер жүргізу;

– қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада радиациялық жағдайдың даму болжамы;

– қоршаған ортаның радиациялық жай-күйі туралы ақпаратты сақтау және жинақтау;

– уәкілетті мемлекеттік органдардың, бұрынғы ССП аумағында шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыратын кәсіпорындар мен ұйымдар басшылығының әкімшілік шешімдер қабылдауы үшін ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу.

Мониторингілеу пункттері орналасқан жерді таңдау төмендегілердің негізінде жүзеге асырылды:

а) бақылау орнына жақын маңда радиоактивті ластанған аумақтың болуы (ССП сынақ алаңдары, радиоактивті түсу іздері);

б) жақын маңда өңірлік немесе ірі екінші дәрежелі геологиялық жарылымдардың болуы;

в) шекараларға тікелей жақын жерде ірі су жинау алаптарының болуы.

Атмосфералық ауа мониторингі аспирациялық қондырғылардың көмегімен ауа сынамаларын алу арқылы жүргізіледі. Ауа аэрозольдерінің сынамаларын алу жылына 3 рет (көктемде, жазда және күзде) жүзеге асырылады.

Жер асты суларының мониторингі бақылау ұңғымаларынан су сынамаларын алу арқылы жүргізіледі. Жер асты суларының сынамаларын алу жылына 3 рет (көктемде, жазда және күзде) жүзеге асырылады.

Жер үсті суларының мониторингі жер үсті су объектісінен (Шаған өзені) су сынамаларын алу арқылы жүргізіледі. Жер үсті суларының сынамаларын алу жылына 3 рет (көктемде, жазда және күзде) жүзеге асырылады.

Топырақ және өсімдік жамылғысының мониторингі атмосфералық ауа мен жер асты суларының сынамалары алынатын жерлерде түйіндес алу арқылы жүргізіледі. Топырақ пен өсімдіктер сынамасын алу жылына 2 рет (жазда және күзде) жүзеге асырылады.

Радиациялық мониторинг нәтижелері бойынша техногендік радионуклидтер концентрациясының өзгерістерін кешенді бағалау жүргізіледі, техногендік радионуклидтердің мөлшерін бақылау деңгейлерімен және басқа да нормативтермен (араласу деңгейлері, техногендік радионуклидтердің ең аз мәнді үлестік және жол берілетін көлемдік активтіліктерімен) салыстырмалы талдау жүзеге асырылады.

радиоэкология радионуклиды СИП ИРБЭ РГП НЯЦ РК окружающая среда система мониторинга фиторемедиация радиоактивно загрязненных почв радиоактивное загрязнение реабилитации территории бывшего полигона