25 мамыр 2022
Ұлттық ядролық орталықтың 30 жылдығына – 30 жоба!
№ 22 жоба. 2015–2016 жж. «ФУКУСИМА» АЭС-індегі АВАРИЯНЫҢ САЛДАРЫН ЖОЮҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ МАҚСАТЫНДАҒЫ ЗЕРТТЕУЛЕР КЕШЕНІ (FUKUSHIMA ЖОБАСЫ)
2011 жылғы 11 наурызда Жапония жағалауында ел тарихындағы жойқын жер сілкінісі болып, арты цунамиға ұласты. Сол күндердің басты оқиғасы Фукусима-Дайичи атом электр станциясындағы авария болды, бұл – Чернобыль апатынан кейінгі ең үлкен авария. Цунамидың салдарынан станция істен шығып, реакторлар қызып кетті, осының салдарынан 12-15 наурыз аралығында үш энергоблокта жарылыс болды. 2013 жылдың желтоқсанында АЭС ресми түрде жабылды. Станция аумағында аварияның салдарын жою жұмыстары әлі де жалғасуда.
«Фукусима-1» атом электр станциясындағы авария кезінде реакторды салқындату жүйелерінің істен шығуына байланысты ядролық отын балқып кетті. Авария нәтижесінде пайда болған кориум ағып барып, реактор қондырғысының әртүрлі аймақтарында (реактордың күштік корпусының ішінде де, оның сыртында да) қатып қалу қаупі болды. Авария салдарын жою үшін қатып қалған кориумды реактор корпусы мен АЭС контайментінен шығару қажет болды. Бұл міндетті шешу кезіндегі негізгі проблема қатып қалған кориумның (debris) (отын балқымасынан және реактордың актив аймағының басқа да конструкциялық элементтерінен тұрады) жай-күйі мен қасиеттері туралы дұрыс деректердің болмауы еді, бұл жағдай апат салдарын жою құралдарын әзірлеу мен жасауды қиындатады.
АЭС апатының салдарын жоюда жапондық мамандар үшін ҚР Ұлттық ядролық орталығының бірегей зерттеу базасында қазақстандық мамандармен бірлесіп жүргізілген зерттеулердің нәтижелері үлкен көмек болды. Бірлескен жоба Fukushima Debris деп аталады. FD (Fukushima Debris) жобасы «Фукусима-1» АЭС-інің авариялық реакторларының актив аймағы балқымасының нақты қатып қалған бөлшектерін қайта өңдейтін механизмдердің конструкцияларын жасауды негіздеу мақсатында «Фукусима-1» АЭС реакторларының актив аймағы балқымасының қатып қалған бөлшектерін модельдеуге және кейіннен олардың қасиеттерін зерттеуге бағытталған. Жоба бойынша жұмыстар 2014 жылдың қыркүйегінде басталып, Marubeni US Ltd делдалдығы арқылы Toshiba компаниясының тапсырысы бойынша ҚР Ұлттық ядролық орталығының бірегей зерттеу базасында жүргізілді. Эксперименттік зерттеулер «Фукусима-1» АЭС реакторларының актив аймағының модельдік балқымасының қатып қалған бөлшектерінің қасиеттерін зерделеуге және «Фукусима-1» АЭС-інің авариялық реакторларының актив аймағы балқымасының нақты қатып қалған бөлшектерін қайта өңдеу механизмдерінің конструкциясын жасау үшін қажетті деректерді алуға мүмкіндік берді.
Жобаны іске асыру барысында «Лава-Б» қондырғысында үш ауқымды эксперимент және «ВЧГ-135» стендінде 12 шағын көлемді эксперимент жүргізілді, қатып қалған кориумның қасиеттерін анықтау бойынша материалтану зерттеулері жүргізілді, кориумды абразивті құралмен кесу мүмкіндіктері зерттеліп, кесу процесінің жылдамдығына баға берілді. Үлкен және шағын көлемді эксперименттер ойдағыдай өткізіліп, жоба бойынша жұмыстар 2016 жылдың наурыз айында аяқталды.
Алынған деректердің маңыздылығын ескере отырып, жапондық тарап аталған жоба бойынша ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру мүмкіндігін қарастыруда. Осы мәселелердің барлығы 2016 жылдың қараша айында ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев пен ҚР ҰЯО РМК бас директоры Эрлан Батырбековтің Жапонияға «Фукусима-1» АЭС-іне жұмыс сапары барысында талқыланды.
Жапония мен Қазақстан арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы жемісті ынтымақтастықтың қорытындысы атом энергетикасының қауіпсіздігі саласындағы ғылыми зерттеулерге арналған эксперименттік базаны жетілдіру, жаңа эксперименттік қондырғылар мен құрылғыларды әзірлеу, білікті ғылыми және техникалық кадрларды даярлау болды. Жинақталған бірегей тәжірибе Қазақстанда атом энергетикасын қауіпсіз дамыту мақсатында тиімді пайдалануға болатын мүмкіндікті қалыптастырды.
22 қараша 2024
31 қазан 2024
31 қазан 2024
24 қазан 2024