26 мамыр 2022
Ұлттық ядролық орталықтың 30 жылдығына – 30 жоба!
№ 23 жоба. 2015-2022 жж. СТАНДАРТ ҮЛГІЛЕРДІ ӘЗІРЛЕУ ЖӘНЕ АТТЕСТАТТАУ УЧАСКЕСІН ҚҰРУ
2017 жылы ҚР Ұлттық ядролық орталығы негізінде «Ғылым қоры» АҚ-ның қолдауымен негізінен үйінді типті түрлі табиғи матрицалардың, радионуклидті және элементтік құрамының стандарт үлгілерін, әзірлеу, өндіру, аттестаттау және қайта аттестаттау учаскесін құру жобасын іске асыру басталды. Аталған жоба шеңберінде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) техникалық қолдауымен стандарт үлгілерді әзірлеу жөніндегі учаскенің технологиялық базасын құру үшін жалпы ауданы шамамен 70 м2 болатын зертханалық корпусты реставрациялау жүргізілді.
Ғимарат Қазақстан Республикасы нормативтік құжаттарының барлық талаптарын және МАГАТЭ-нің стандарт үлгілерді дайындау жөніндегі үй-жайларға қойылатын талаптарын (ISO Guide 34-2014) сақтай отырып, иондаушы сәулелену көздері ретінде стандарт үлгілермен жұмыс істеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін мамандандырылған ішкі әрлеуге сәйкес қалпына келтірілді. Бұдан басқа шамамен 100 000 еуро сомасына зертханалық жабдық сатып алынды, бұл стандарт үлгілерді жасау жөніндегі жұмыстарды айтарлықтай жеңілдетуге және жеделдетуге мүмкіндік берді.
Аталған учаске бүгінгі күні ауқымды аппаратуралық базамен, қызметтер көрсету кезіндегі кешенді тәсілмен, радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мол жұмыс тәжірибесімен қамтамасыз етілген және әртүрлі сынақ объектілерінің метрологиялық сипаттамаларын айқындау бойынша қосымша қызметтер көрсететін, Қазақстанда радионуклидтік құрамның стандарт үлгілерін өндіретін жалғыз өндіріс болып табылады. Учаске қызметінің сапасын растау үшін нәтижелердің зертханааралық салыстырулары жүйелі түрде жүргізіледі.
Институт қызметкерлері Беларусь мемлекеттік метрология институтының негізінде радионуклидтік құрамның стандарт үлгілерін дайындау саласында, сондай-ақ Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Зайберсдорф қаласындағы (Австрия) зертханасы негізінде радионуклидтік және элементтік құрамның стандарт үлгілерін жасау және сертификаттау бойынша оқытудан өтті.
ҚР ҰЯО-да әзірленетін стандарт үлгілер радиоэкологиялық кешенді зерттеулер жүргізуге мамандандырылған талдамалық зертханалар сынақтарының сапасын зертханаішілік бақылауды қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ өлшеулерді жүргізудің талдамалық әдістемелерін әзірлеу және валидациялау үшін қолданылуы мүмкін.
ҚР ҰЯО-да дайындалатын стандарт үлгілердің басты артықшылықтарының бірі – үлгілерді дайындау үшін негізгі материал ретінде химиялық элементтердің кең спектрі бар әртүрлі радионуклидтік құрамға (табиғи және техногендік) ие Семей сынақ полигонының (ССП) табиғи объектілері болатындығында, олар стандарт үлгілерді өндіру кезінде өнімнің 100% қазақстандық мазмұнын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, зертханааралық зерттеулер тәжірибесі талдамалық нәтижелердің дұрыстығын химиялық реактивтерден дайындалған жасанды қоспалар арқылы емес, «табиғи» стандарт үлгілер арқылы тексерген дұрыс екенін көрсетті. Стандарт үлгілерді дайындаудың экономикалық орындылығы радиоэкология және ССП табиғи объектілерінің химиялық құрамы саласында бұрын алынған деректерді пайдалану болып табылады. Мысалы, бұрын алынған топографиялық деректер қосымша зерттеулер жүргізбей-ақ ССП аумағынан топырақ құрамының стандарт үлгілеріне кандидат бастапқы материалын алу үшін неғұрлым қолайлы екенін анықтауға мүмкіндік береді.
Стандарт үлгілерді өндіру және аттестаттау кезіндегі негізгі кезеңдер –бастапқы материалдың сынамасын алу, материалдан зертханалық сынама алу (кептіру, ұсақтау, елеу, гомогендеу), стандарт үлгіні талдамалық зерттеу, стандарт үлгінің сипаттамаларын және оның белгісіздігін аттестаттау. Қорытынды кезең – метрологиялық сараптама және уәкілетті органда мемлекеттік стандарт үлгілердің типтерін бекіту.
Бүгінгі күні ҚР ҰЯО-да техногенді радионуклидтер мен химиялық элементтердің белгілі мөлшері бар мемлекеттік стандарт үлгінің 4 типі әзірленді:
– ССП-ның топырақ жамылғысындағы 137Cs, 90Sr радионуклидтерінің меншікті белсенділігінің, Zn, Cu, Pb, Cd, Co, Fe, Mn, As элементтерінің массалық үлесінің стандарт үлгісі, KZ.04.01.00007-2020;
– ССП-ның топырақ жамылғысындағы европий 152Eu, кобальт 60Cо радионуклидтерінің меншікті белсенділігінің, Zn, Cu, Pb, Cd, Co, Fe, Mn, As элементтерінің массалық үлесінің стандарт үлгісі, KZ.04.01.00008-2020;
– ССП-ның топырақ жамылғысындағы 241Am, 239Pu радионуклидтерінің меншікті белсенділігінің стандарт үлгісі, KZ.04.01.00012-2020;
– Қоңыр топырақтағы табиғи радионуклидтердің және элементтердің массалық үлесінің стандарт үлгісі, KZ.04.01.00034-2021.
Әзірленген сатндарт үлгілер әлемдік қоғамдастық үшін де, атап айтқанда, МАГАТЭ-нің материалдық базасын толықтыру үшін үлкен қызығушылық тудыруы мүмкін.
22 қараша 2024
31 қазан 2024
31 қазан 2024
24 қазан 2024