27 мамыр 2022
Ұлттық ядролық орталықтың 30 жылдығына – 30 жоба!
№ 24 жоба. 2017-2022 жж. ЯДРОЛЫҚ ЖӘНЕ РАДИАЦИЯЛЫҚ АВАРИЯЛАРҒА ЖӘНЕ ШТАТТАН ТЫС ЖАҒДАЙЛАРҒА ДЕН ҚОЮ ҮШІН ОБЪЕКТІЛІК КӘСІБИ АВАРИЯЛЫҚ-ҚҰТҚАРУ ҚҰРАЛЫМЫ
Ұлттық ядролық орталықта радиациялық авариялардың салдарын жою бойынша авариялық-құтқару жұмыстарын орындау үшін Қазақстанда теңдесі жоқ кәсіби объектілік авариялық-құтқару құралымы құрылды.
«Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы қауіпті өндірістік объектілердің иесі бола отырып, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби авариялық-құтқару қызметтерімен шарт жасасуы немесе кәсіби объектілік авариялық-құтқару қызметін құруы тиіс.
2014-2016 жылдар аралығында ҚР ҰЯО-ның қауіпті өндірістік объектілеріне бөгде мамандандырылған ұйым шарттық негізде профилактикалық және газдан құтқару жұмыстарын жүргізу бөлігінде ғана қызмет көрсетті. Сондай-ақ ҚР ҰЯО-ның декларацияланатын қауіпті өндірістік объектілерінің сипаты (ИГР, ИВГ.1М реакторлық қондырғылары, «EAGLE», «Лиана», «Ангара» стендтері) аталған объектілерде ерекше авариялық-құтқару жұмыстарын – радиациялық авариялардың салдарын жою жұмыстарын жүргізу қажеттілігін негіздеді, олар иондаушы сәулелену деңгейінің белгіленген рұқсат етілген шекті мәндерден асатын жағдайларында адамдарды, материалдық және өзге де құндылықтарды құтқаруды, радиациялық аварияларды оқшаулауды/жоюды және иондаушы сәулеленуді басуды немесе мүмкін болатын ең төменгі деңгейге дейін жеткізуді көздейді.
Пайдаланылатын ядролық және радиациялық қауіпті объектілер қауіпсіздігінің тиісті деңгейін қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылы Қазақстан Республикасының нарығына авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, соның ішінде радиациялық авариялардың салдарын жою ерекшелігі бойынша қызмет көрсететін мамандандырылған ұйымдардың болуы тұрғысынан талдау жүргізілді. Нарықтық талдау аталған ұйымдардың жоқтығын көрсетті және сол арқылы ҚР ҰЯО басшылығының кәсіпорында кәсіби объектілік құрылым құру туралы шешімін алдын ала анықтады.
2016 жылдың соңында азаматтық қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органда авариялық-құтқару жұмыстарының белгілі бір түрлерін, сондай-ақ радиациялық авариялардың салдарын жою жұмыстарын орындау бойынша функционалы бар ҚР ҰЯО кәсіби объектілік құралымын құру туралы шешім келісілді.
Ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды жоспарлау мен іске асырудың бастапқы кезеңдерінде ҚР ҰЯО авариялық-құтқару жұмыстарының түрі ретінде радиациялық авариялардың салдарын жою жұмыстарын заңнамалық бекітудің, сондай-ақ штат саны мен материалдық-техникалық жарақтандыру нормалары, оқыту бағдарламалары, құтқарушыларды аттестаттау және жалпы қалыптастыру қағидалары бойынша нормативтердің болмауына байланысты бірқатар проблемаларға тап болды. Осы проблемалық мәселелердің барлығы азаматтық қорғау жөніндегі және атом энергиясын пайдалану жөніндегі уәкілетті органдардың келісімі бойынша кәсіпорын деңгейінде жедел тәртіппен шешілді.
Құтқарушыларды даярлау мақсатында ҚР ҰЯО Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының оқу орталығы негізінде «Ядролық және радиологиялық авариялық жағдайларға ден қою бойынша авариялық-құтқару құралымы персоналын арнайы даярлау» курсы бойынша оқыту бағдарламасы дайындалып, уәкілетті органмен келісілді. Кәсіпорында авариялық-құтқару құралымын жабдықтау нормалары, сондай-ақ құтқарушылар мен құралымдарды аттестаттау туралы ереже әзірленді және бекітілді. Штат саны тәулік бойы кезекшілікті қамтамасыз ету үшін екі авариялық-құтқару бөлімшесінің жұмыс істеуі есебінен айқындалды.
2017 жылы құтқарушыға үміткер адамдар «Азаматтық қорғау бойынша мамандандырылған оқу орталығы» оқу орталығының базасында құтқарушыларды даярлау бағдарламасын, мемлекеттік медициналық мекемеде дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету бойынша парамедиктер курстарын, ядролық және радиологиялық авариялық жағдайларға ден қою бойынша курстарды ойдағыдай игеріп, дене дайындығы бойынша нормативтерді тапсырды және құтқарушы статусы беріле отырып аттестатталды.
Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы үкіметаралық Келісім шеңберінде ҚР ҰЯО-ға материалдық-техникалық базаны нығайту бөлігінде айтарлықтай қолдау көрсетілді.
Қазіргі уақытта құралым жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы көлік құралдары паркімен, газдан құтқару, радиациялық барлау және бақылау жабдықтарымен, құтқару құрал-саймандарымен және керек-жарақтарымен жасақталған. Кәсіпорынның өз қаражаты есебінен өндірістік база (қызметтік және қойма үй-жайлары, оқу класы, шеберханалар, автокөлікке арналған бокстар, жаттығу полигоны және т.б.) дайындалды. Аттестатталған құтқарушылары бар құралымды жасақтау және материалдық-техникалық базаны құру аяқталғаннан кейін нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес бөлімшені аттестаттау өткізілді.
2018 жылы құралым базасында дала өрттерінің, сондай-ақ ұйымдағы өрттердің алдын алу және оларды сөндіру мақсатында өртке қарсы ерікті объектілік құралым құрылды.
2017-2021 жылдар аралығында авариялық-құтқару құралымының жедел бөлімшелерінің қатысуымен ҚР ҰЯО-ның қауіпті өндірістік объектілерінде жыл сайын 15-17 оқу жаттығулары (дабылдар, оқу дабылдары) іске асырылып, профилактикалық жұмыстар кешені жүзеге асырылады. Құралымның жедел құрамы кәсіпорынның мүлкі мен персоналына қауіп төндіретін дала өрттерін сөндіру жөніндегі іс-шараларға тікелей қатысты.
22 қараша 2024
31 қазан 2024
31 қазан 2024
24 қазан 2024