ИВГ.1М реакторын ТБУ-отынға ауыстыру жұмыстарының статусы


04 қараша 2022

 

«Байкал-1» зерттеу реакторларының кешенінде ИВГ.1М реакторын энергетикалық іске қосу кезеңін іске асыру жұмыстары басталды – 2022 жылғы 2 қарашада реакторды жаңа төмен байытылған уран отынымен (ТБУ) энергетикалық іске қосу жүргізілді. Іске асырылған іске қосу ИВГ.1М реакторын ТБУ-отынымен энергетикалық іске қосу бағдарламасымен жоспарланған тоғыз іске қосудың екіншісі болып табылады. Бүгінгі таңда реактордың 1 МВт және 2 МВт қуат деңгейіне қол жеткізілді, берілген деңгейлер үшін есептік параметрлер экспериментті түрде расталып, реактордың барлық жүйелері штаттық режимде жұмыс істеді.

2010 жылы басталып, ойдағыдай іске асырылған жұмыстардың үлкен көлемі энергетикалық іске қосу кезеңіне өтуге мүмкіндік берді. 12 жыл ішінде Ұлттық ядролық орталықтың мамандары америкалық және ресейлік әріптестерімен бірлесіп ИВГ.1М бірегей зерттеу реакторын конверсиялау мүмкіндігін негіздеу мақсатында нейтрондық-физикалық және жылу-гидравликалық есептеулерді, эксперименттік төмен байытылған отынды әзірлеу, дайындау және сынау; штаттық ТБУ-отынды дайындау, тасымалдау және қабылдау сынақтары; реакторды физикалық іске қосу кезеңін іске асыру жұмыстарын және басқа да көптеген жұмыстар жүргізді.

Энергетикалық іске қосу кезінде алынған алғашқы нәтижелер биылғы жылдың басында аяқталған физикалық іске қосу кезеңінің тұжырымдарын растайтынын айта кету керек – отынды ауыстырғаннан кейін реактордың пайдалану сипаттамалары айтарлықтай жақсарды: реактор науқаны актив аймаққа отын жүктемесін арттыру есебінен екі еседен артық ұлғайды, реактивтілік қордың едәуір артуы іске қосуды анағұрлым күрделі эксперименттік құрылғылармен жүргізуге мүмкіндік береді, бұл ретте әрбір жеке реакторлық экспериментті жүргізу уақыты айтарлықтай артуы мүмкін.

2023 жылдың бірінші жартыжылдығында энергетикалық іске қосу кезеңі ойдағыдай аяқталғаннан кейін жаңа ТБУ-отыны бар ИВГ.1М реакторы бюджеттік және коммерциялық бағдарламалар шеңберіндегі реакторлық эксперименттерді жалғастыруға дайын болады деп жоспарлануда.

международное сотрудничество ИВГ 1.M исследовательские реакторы ИАЭ РГП НЯЦ РК атомная энергетика внутриреакторный эксперимент реактор НОУ "Байкал-1" энергетический пуск