АҚШ-тың Қауіп-қатерді азайту агенттігі делегациясының сапары


03 мамыр 2023

 

2023 жыл Қазақстан мен АҚШ ұйымдары арасындағы өзара қарым-қатынастың асулы кезеңін білдіреді: биыл бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағында жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режимін қамтамасыз етудегі ынтымақтастыққа 30 жыл толды.

Осы жылдар ішінде бұрынғы ССП аумағын қауіпсіз күйге келтіру бойынша бірегей ғылыми-техникалық және инженерлік жұмыстар жүргізілді. Жұмыс барысында ядролық сынақтар жүргізу инфрақұрылымы жойылып, жаппай қырып-жоятын қарудың таралу қаупін азайту және полигон аумағындағы ядролық қызмет қалдықтарына қол жеткізуді болдырмау бойынша ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылды.

Соның ішінде бірқатар ауқымды жоба іске асырылды – «Тәжірибе алаңы», «Дегелең», «Ақтамберді» алаңдарындағы объектілер қауіпсіз күйге келтірілді.

Қауіп-қатерді бірлесіп азайту бағдарламасының директоры доктор Поуп бастаған АҚШ-тың Қауіп-қатерді азайту агенттігі делегациясының сапары барысында ҚР Энергетика министрлігінде және ҚР Ұлттық ядролық орталығында ССП-дағы жұмыстардың қорытындысы, таратпау мәселелері жөніндегі алдағы ынтымақтастық жоспарлары талқыланды.

Соңғы жылдары ССП-дағы жұмыстар 2018 жылдың желтоқсан айында АҚШ-та қол қойылған «ҚР ҰЯО мен АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қауіп-қатерді азайту агенттігі арасындағы бұрынғы ССП аумағында қауіпсіздік пен ұзақ мерзімді қызметті қамтамасыз ету функциялары мен міндеттемелері туралы хаттаманы» орындау шеңберінде жүргізілгенін айта кету қажет.

Орындалған жұмыстардың табыстылығын ескере отырып, Тараптар одан әрі ынтымақтастыққа дайын екенін растады. Келесі консультациялар осы жылдың қазан айында АҚШ-тың Қауіп-қатерді азайту агенттігі директорының ҚР Ұлттық ядролық орталығына жоспарланған сапары кезінде өткізіледі.

 

СИП международное сотрудничество Ядерная безопасность США РГП НЯЦ РК DTRA Республика Казахстан экологическая безопасность развитие сотрудничества