19 маусым 2023
ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Басқарма президенті К.Д. Закария бастаған делегациясы Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына жұмыс сапарымен келіп қайтты.
Қонақтар кәсіпорынның ғылыми инфрақұрылым объектілеріне барып қайтты, оларға қызметтің неғұрлым маңызды нәтижелері және соңғы уақытта іске асырылған жобалар туралы толық ақпарат ұсынылды.
Атап айтқанда ИВГ.1М ядролық зерттеу реакторын төмен байытылған отынға конверсиялау жұмыстарының нәтижелері көрсетілді. Есептік-теориялық және эксперименттік зерттеулер кешенін, жаңа конструкторлық және технологиялық шешімдерді әзірлеу мен енгізуді қамтитын орасан зор дайындық жұмыстарынан кейін 2023 жылы осы реакторды төмен байытылған актив аймақпен энергетикалық іске қосу жүзеге асырылды. Іс жүзінде ядролық қару жасау үшін жарамды ядролық материалдардың таралу қаупін азайту бағытында тағы бір қадам жасалды. Конверсиялау жобасын іске асыру нәтижесінде реактор кешенінің бірқатар жүйелері айтарлықтай жаңғыртылып, реактордың өзінде реактивтілік қоры екі есе ұлғайғанын айта кету керек.
Тағы бір маңызды жетістік – өзінің бірегей техникалық сипаттамаларына байланысты әлемде баламасы жоқ қазақстандық КТМ термоядролық материалтану токамагы реакторын құру және пайдалануға беру. Бүгінде КТМ токамагын жобалық параметрлерге шығару бойынша дәйекті жұмыс жүргізіліп жатыр, Қазақстан Республикасының басқарылатын термоядролық синтез саласында ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын, технологиялық жағынан неғұрлым дамыған елдер қатарында орын алуын қамтамасыз ететін ғылыми зерттеулер жүргізілуде.
Сәулеленген үлгілерді қоса алғанда, атом энергетикасының конструкциялық және отын материалдарына жоғары деңгейде зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін ең заманауи жабдықтармен жарақтандырылған бірегей материалтану кешені көрсетілді.
Қызметі бұрынғы Семей сынақ полигонының экологиялық проблемаларын шешумен және Қазақстан Республикасының басқа объектілерінде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен байланысты озық аппаратуралық-талдамалық жабдықтары бар ғылыми зертханалар ұсынылды.
Талқылау барысында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ғылымды дамытудың проблемалық мәселелері мен келешегі жөнінде пікір алмасты. Атом саласы үшін дәстүрлі ғылыми бағыттарды, сол сияқты Ұлттық ядролық орталықтың климаттың өзгеруі және жаңа энергетикалық технологияларды дамыту мәселелері жөніндегі зерттеулермен байланысты жаңа бастамаларын дамытудың маңыздылығы мен өзектілігі атап өтілді.
31 қазан 2024
31 қазан 2024
24 қазан 2024
16 қазан 2024