«Жас физик – 2023» жазғы мектебі


29 маусым 2023

Биылғы жылғы маусымда Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы (ҚР ҰЯО) мен Ядролық технологиялар паркі (ЯТП АҚ) Курчатов қаласы мен Павлодар облысының мектептерінен келген 50-ден астам оқушының қатысуымен «Жас физик-2023» жазғы мектебін ойдағыдай өткізді.

Бағдарламада атом энергетикасы мен термоядролық энергетика, радиоэкология, геофизика саласында дәрістік және практикалық сабақтар қарастырылған. Дәріскер ретінде ҚР ҰЯО, ЯТП АҚ, «Қазақстанның ядролық қоғамы» қауымдастығының (Астана қаласы), Шәкәрім атындағы университет (Семей қаласы) мамандары сөз сөйледі.

Дәрістік сабақтар барысында оқушылар бейбіт атомды қолданумен, басқарылатын термоядролық синтездің теориялық негіздерімен және токамактардың жұмыс принциптерімен танысты, радиацияның не екенін біліп, геофизик мамандығы әлеміне енді.

Практикалық сабақтар шеңберінде оқушылар ҚР ҰЯО ғылыми зертханаларына барып, ғалымдармен бірге радионуклидтік талдау үшін сынамалар дайындады, сутегіні өндіру және сақтау технологияларын әзірлеу бойынша зерттеулерге арналған жаңа жабдықтармен танысты.

ЯТП АҚ-да физикалық тігілген көпіршіктелген полиэтиленді, гидрооқшаулағыш шатыр материалын дайындау және медициналық бұйымдарды радиациялық зарарсыздандыру процесінде пайдаланылатын электронды үдеткіштердің жұмысымен көрнекі түрде танысты.

Сонымен қатар жазғы мектеп бағдарламасы шеңберінде Семей сынақ полигоны тарихының экспозициялық залына экскурсия ұйымдастырылды.

Соңында барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар мен «Жас физик – 2023» жазғы физика-математика мектебінде оқуды ойдағыдай аяқтағаны туралы сертификаттар табыс етілді.

Летняя школа