10 қаңтар 2024
Бүгін, 2024 жылғы 10 қаңтарда Ғаділет Әндияұлы Батырбеков 90 жасқа толар еді.
Еліміз үшін өте күрделі және маңызды қалыптасу кезеңінде Ғаділет Әндияұлы 1992 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен құрылған Ұлттық ядролық орталықты басқарып, оның алғашқы бас директоры қызметін атқарды. Семей сынақ полигоны аумағында орналасқан бұрынғы әскери-өнеркәсіптік кешеннің ғылыми-техникалық әлеуетін сақтап қалу және оның негізінде атом саласын дамытудың ғылыми базасын құру бойынша алғашқы маңызды қадам жасалды. Ғаділет Әндияұлының басшылығымен кәсіпорынның нақты құрылымы жасалып, жоғары білікті мамандар ұжымы құрылды, даму бағыттары мен ғылыми зерттеу бағдарламалары айқындалды.
Сол кездері Ұлттық ядролық орталық Курчатов қаласының қала құраушы кәсіпорны функцияларын өзіне жүктеп қана қоймай, қала тұрғындарының көптеген тұрмыстық және әлеуметтік-экономикалық мәселесін шеше отырып, қаланы сақтап қалуға ықпал етті. Кейіннен орталықтың жұмысы қала экономикасына елеулі шетелдік инвестицияларды тартуға, жүздеген қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.
Халықаралық қатынастарды дамытудың маңызы зор болды. АҚШ-тың ұлттық зертханаларымен, Жапония мен Ресейдің ғылыми орталықтарымен белсенді өзара тиімді ынтымақтастық орнатылды, бұл кәсіпорынға басқа елдердің ғылыми ұйымдарының назарын арттырды. МАГАТЭ және Халықаралық ғылыми-техникалық орталық тарапынан алғашқы гранттар алынды. Халықаралық кооперация Семей полигонының және Қазақстан аумағындағы басқа да ядролық полигондардың (Лира, Азғыр) радиоэкологиялық жағдайын зерттеу жұмыстарын жеделдетуге мүмкіндік берді. Әлемнің жұмыс істеп тұрған полигондарындағы ядролық сынақтарға мониторинг жүргізуге ерекше назар аударылды.
Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы зерттеулер, атап айтқанда, энергетикалық ядролық реакторлардың қауіпсіздігі мәселелерін эксперименттік зерттеу дамыды. Ядролық физика мен технологиялар, қатты дене физикасы, реакторлық және радиациялық материалтану саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер қарқынды дамыды.
«Адам. Энергия. Атом» ғылыми-публицистикалық журналындағы «Алғашқы болу қиын, бірақ қызықты» («Быть первым трудно, но интересно» ) атты мақаланы осындай тамаша адам, көрнекті физик-ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығы лауреатының жарқын бейнесіне арнадық.
19 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
05 желтоксан 2024