28 маусым 2024
Биыл күзде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты өткізілетін референдумда барлығымызға өте маңызды шешім қабылдау қажет болмақ. Бұл соңғы жылдары қоғамда ең көп талқыланатын мәселелердің біріне айналған: әртүрлі пікірлер айтылып, қоғамдық талқылау өткізіліп жатыр, оған Ұлттық ядролық орталық та тікелей және белсенді қатысып келеді.
Кәсіпорын басшысы, атом энергетикасы саласындағы сарапшы ретінде тағы да атап көрсетпекпін – еліміздегі көмір энергетикасы дәуірі, бүкіл әлемдегі сияқты, біртіндеп аяқталуға жақындап келеді. Бүгінгі таңда біздің қазақстандық энергия жүйесі парниктік газдар эмиссиясынсыз және қоршаған ортаға залалсыз энергия өндіретін жаңа ірі қуат көздеріне аса мұқтаж. Менің ойымша, бұл мәселенің шешімі атом энергетикасы саласын толықтай дамыту болып саналады.
Қазіргі атом энергетикасы – бұл барша адамзаттың игілігі үшін даму жолында зор әлеуеті бар экологиялық таза әрі қауіпсіз энергетикалық ресурс.
Қауіпсіздік туралы айтатын болсақ, бүгінгі күні әлемдік атом технологияларын әзірлеушілер ұсынып отырған барлық реактор III немесе III+ буынға жатады. Жаңа буын реакторларына арналған жобалық шешімдер АЭС-тің аварияға ұшырау қаупі мейлінше аз болатындай етіп, қауіпсіздік деңгейі жоғары АЭС құруға бағытталған. III және III+ буын реакторларын жобалау кезінде барлық ықтимал оқыс оқиғалар мен атом энергетикасы тарихында бұған дейін болған апаттар ескерілді. Қазіргі реакторларда белсенді, яғни энергия ресурстарын талап ететін және пассивтік, яғни табиғи физикалық заңдардың әсерінен жұмыс істейтін өзара қосарлаушы көптеген қауіпсіздіктің қорғаныс жүйелері бар. Бұл жүйелер кез келген жағдайда, тіпті адамның қатысуынсыз да АЭС-ті қауіпсіз күйге келтіре алады.
Қазіргі уақытта IV буын реакторлары әзірлену сатысында, олар ядролық отын циклін тұйықтауға, атом энергетикасының отын-ресурстық базасын кеңейтуге, абсолют қауіпсіздікке қол жеткізуге және құрылыстың күрделі шығынын едәуір төмендетуге арналған.
Осылайша, бүгінгі таңда атом энергетикасы жоғары технологиялық және қауіпсіз сала болып саналады, атомдық энергия көздерінің дүние жүзінде өндіруші қуаттарға енгізілу әлеуеті зор.
Ұлттық ядролық орталық өз қызметі барысында айтарлықтай біліктілік жинақтап, қажетті инфрақұрылымын дамытып жатқанын ерекше атап көрсеткен жөн, біз оны Қазақстанда АЭС жобасын іске асырудың барлық кезеңінде ғылыми-техникалық сүйемелдеу үшін қолдануға дайынбыз.
19 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
05 желтоксан 2024