19 тамыз 2024
«Бізде атом электр станциясының үздіксіз жұмыс істеуін, оны қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ете алатын мамандар бар ма? Егер оларды оқыту жоспарда бар болса, қайда оқымақ?» деген сауалды ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбековке қойдық.
– Тек ҚР Ұлттық ядролық орталығын ғана мысалға ала отырып, оның іргетасын қалау кезіндегі негізгі міндеттердің бірі Қазақстан Республикасында атом энергетикасын дамыту үшін ғылыми-техникалық, технологиялық және кадрлық база құру болғандығын атап көрсетуге болады. Ұлттық ядролық орталық атом саласы үшін кадр даярлау мәселесіне көп көңіл бөледі. Біз өз қызметіміз барысында көптеген жоғары білікті ғылыми кадр даярладық. Кәсіпорында өңірлік университеттердің бітіртіп шығаратын кафедраларының филиалдары жұмыс істейді. Қызметкерлер үшін өз қабілетін жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдай жасалған, кадр даярлау және қайта даярлау, диссертацияны өндірістен қол үзбей қорғау жұмысы жолға қойылған. Кәсіпорын басшылығы мен қызметкерлері PhD диссертация қорғау жөніндегі 3 диссертациялық кеңестің тұрақты құрамына кіреді.
Осылайша, АЭС жобасын пысықтауды, салу жұмыстарын, пайдалануды және пайдаланудан шығаруды ғылыми сүйемелдеу мәселесі бойынша, жалпы алғанда, қажетті кадрмен қамтамасыз етілгенбіз десек те болады.
Жалпы әлемдік тәжірибеге сәйкес АЭС жұмысын қамтамасыз ететін персоналды жасақтау үшін 2 энергоблокты АЭС-ті пайдалану кезінде орта есеппен жоғары және арнаулы орта білімі бар 2000 адамға дейінгі персонал қажет. Осы персоналдың салыстырмалы түрдегі аз бөлігі «ядролық» мамандықтар бойынша дайындықтан өткен тар шеңберлі, яғни белгілі бір саланың мамандары болып саналады, бұлар – ядролық реактор мен реакторға қатысы бар негізгі жабдықтардың жұмысын басқарып, бақылайтын адамдар. Қалғандары – жалпы бейіндегі мамандар, яғни энергетиктер, химиктер, инженерлер, электриктер және т.б. Қалай болғанда да, АЭС салу туралы шешім қабылдау кезінде кадр даярлаудың арнайы жоспары іске асырылады және АЭС салу туралы шешім қабылдаудан бастап, пайдалануға берілгенге дейінгі уақыт ішінде, ал бұл шамамен 10 жыл, қажетті персонал тиісті оқытудан өткізіледі.
Қазіргі уақытта Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық және инженерлік саладағы ғылыми және білім беру негізін кеңейту бойынша нақты жұмысқа кірісіп те кетті және шетелдік техникалық ЖОО филиалдарын ашу, техникалық мамандықтарға арналған гранттарды ұлғайту және т. б. туралы нақты шешім қабылдау сатысына шықты.
19 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
05 желтоксан 2024