19 желтоксан 2024
Жапонияға жұмыс сапары барысында Жапонияның атом энергиясы агенттігімен (JAEA) ынтымақтастық туралы қосымша келісімге қол қойылды. Құжатқа қол қоюдың мақсаты – атом энергиясы мен ядролық технологияларды бейбіт мақсатта пайдалану саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді жалғастыру.
Келісімге Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы (ҚР ҰЯО) тарапынан бас директор Эрлан Батырбеков, JAEA тарапынан президент Масанори Когучи қол қойды.
Айта кету керек, JAEA мен ҚР ҰЯО арасындағы көпжылдық ғылыми-техникалық ынтымақтастық аясында шапшаң нейтрондардағы реакторлар қауіпсіздігінің өзекті мәселесін шешуге бағытталған EAGLE сериясындағы ауқымды жобалар ойдағыдай іске асырылып келеді.
EAGLE жобасын жүзеге асыра отырып, ҚР ҰЯО өз біліктілігін дамытып және нығайтып қана қоймай, сонымен қатар күрделі эксперименттік-теориялық зерттеулер жүргізілетін база ретінде кеңінен таныла бастады.
Қазақстандық және жапондық мамандардың бірлескен күш-жігерінің арқасында қазіргі сәтте ИГР реактор кешенінде 11 реакторішілік ауқымды эксперимент және EAGLE стендінде реактордан тыс 50-ден астам эксперимент сәтті жүргізілді.
Қазіргі уақытта JAEA-мен бірлесіп жүргізілген EAGLE-3 эксперименттік бағдарламасы сәтті аяқталып, ҚР ҰЯО мамандары Марубени компаниясының көмегімен екі жылдық EAGLE-3 post жобасы шеңберінде жаңа бастамамен жұмыс істеуге кірісті.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – атом саласының кадрлық әлеуетін дамыту. JAEA-мен ынтымақтастықта білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады, тағылымдамалар, семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылады. Мәселен, 2012 жылдан бастап ҚР ҰЯО негізінде «Ядролық және радиологиялық аварияларға әзірлік» және «Реакторлық технологиялар» курстары өткізіледі.
30 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
05 желтоксан 2024