01 наурыз 2018
2018 жылғы 15 – 16 ақпан аралығында Ресей Федерациясының Барнаул қаласында, Алтай мемлекеттік аграрлық университетінде аталмыш университеттің 75 жылдығына арналған ХІІІ Халықаралық ғылыми-практикалық конференция шеңберінде «Табиғатты тиімді пайдалану, экология, жерді кадастрлық бағалау және мониторингілеу проблемалары» атты дөңгелес үстел өткізілді.
Ұйымдастырушылардың шақыруымен бұл іс-шараға ҚР ҰЯО мамандары Саян Сәлменбаев пен Нұрлан Мұхамедияров қатысып, «Семей полигонының радиоактивті ластанған топырағындағы самарий-151 изотобының мөлшерін анықтау әдісі» және «Ұзынбұлақ жылғасының суы мен түптік шөгінділерінің химиялық құрамы» тақырыптары бойынша ауызша баяндамаларын оқыды.
Бірінші баяндамада бұрынғы ССП топырағындағы 151Sm радионуклидінің мөлшерін анықтау үшін ұсынылған радиохимиялық талдаудың әр сатысы кезең-кезеңмен мазмұндалды. Әр кезеңде самарий изотоптарын тазарту дәрежесіне баға беріледі. Мысалы, элементтердің тұнба – ерітінді жүйесінде таралу қисықтары, сондай-ақ азот қышқылы ерітінділерінен гидрототықтарды тұндыру кезінде макро- және микроэлементтерден тазарту коэффициенттері көрсетілді.
Екінші баяндамада бір жыл ішінде әртүрлі маусымда экожүйенің негізгі құрауыштарындағы элементтік құрамды және Ұзынбұлақ жылғасының беткі суларының физика-химиялық қасиеттерін зерттеу нәтижелері ұсынылды. Ұзынбұлақ жылғасының беткі суларының сутегі көрсеткіші, тотығу-тотықсыздану әлеуеті, температура және дебит мәндерінің кеңістіктік-маусымдық өзгеруі анықталды.
Дөңгелек үстел – семинар ұйымдастырушылары ҚР Ұлттық ядролық орталығының жас ғалымдары ұсынған жұмыстардың жоғары деңгейін атап көрсетті.
Конференцияның барлық материалдары http://www.asau.ru/ru/vestnik-2/materialy-konferentsii-2018 сайтында ұсынылған.
Анықтама үшін. Қазіргі уақытта Алтай мемлекеттік аграрлық университетінің аспирантурасында, магистратурасында, бакалавриатында ҚР ҰЯО РМК-нің 15 қызметкері білім алуда. 2017 жылы екі қызметкер университеттің магистратурасын «Табиғатты жайластыру және су пайдалану» бағыты бойынша қызыл дипломмен аяқтады. Біздің жас ғалымдар Алтай университеті ұйымдастырған конференцияларға бірнеше рет қатысып, олардың жоғары деңгейі әрдайым атап көрсетілуде.
19 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
05 желтоксан 2024