ҚР Ұлттық ядролық орталығы мен «Ғылым және инновациялар» АҚ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды


15 мамыр 2018

ҚР Ұлттық ядролық орталығы мен «Ғылым және инновациялар» АҚ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

СОЧИ. ҚАЗАҚПАРАТ – Сочиде өтіп жатқан «АТОМЭКСПО-2018» Х халықаралық форумы аясында «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК мен «Ғылым және инновациялар» АҚ ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Меморандумға «Ғылым және инновациялар» АҚ бас директоры Павел Зайцев пен «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас директорының орынбасары Мәжін Сқақов қол қойды. Меморандум радиациялық материалтану және жаңа материалдарды алу технологиясы саласындағы бірлескен зерттеулерді көздейді. Қазақстандық және ресейлік ғалымдар ядролық материалдарды, пайдаланылған ядролық отынды және радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеу мәселелерін бірлесіп шешуге ниетті.

«Келісім біз үшін жаңа материалдар жасау және сәулеленген ядролық отынмен жұмыс істеу сияқты маңызды ғылыми-техникалық бағыттар бойынша ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Ресей мен Қазақстанда жинақталған тәжірибе алмасу елдеріміздің атом саласын айтарлықтай байыта түсетініне сенімдімін», - деді меморандумға қол қою қорытындысы бойынша «Ғылым және инновациялар» АҚ бас директоры П.Зайцев.

Өз кезегінде «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас директорының орынбасары М. Сқақов Ресей мен Қазақстанның атом кешендері ядролық отын циклінің технологиялық тізбегі бойынша бір-бірін өзара толықтыратынын атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының ресейлік әріптестерімен өзара іс-қимылының ұзақ тарихы бар. Біз форум аясында ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғанымызға өте қуаныштымыз. Ресей мен Қазақстанның атом кешендері ядролық отын циклінің технологиялық тізбегі бойынша бір - бірін өзара толықтырады», - деді Мәжін Сқақов.

Тараптар ядролық реакторлардың қауіпсіздігін арттыру, реакторлық отынның сипаттамаларын құру және жақсарту, зерттеу реакторлары үшін отын сынақтарын жүргізу, ғылыми-техникалық ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастыққа мүдделілік білдірді.

http://www.inform.kz/ru/nacional-nyy-yadernyy-centr-rk-i-ao-nauka-i-innovacii-podpisali-memorandum-o-sotrudnichestve_a3252002

радионуклиды электронно-лучевая обработка расчет НТС международное сотрудничество