ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Ж.С. Тәкібаевты еске алу


01 қараша 2016

2016 жылғы 31 қазанда 98 жасқа қараған шағында ҚР Ұлттық ядролық орталығының бұрынғы ғылыми жетекшісі, ҚР ҰҒА академигі, Халықаралық академиялар академигі, ҚР ғылым және техникасының еңбек сіңірген қызметкері, профессор, физика-математика ғылымдарының докторы Жабағы Сүйлейменұлы Тәкібаев дүниеден озды.

Ол 1919 жылғы 28 қыркүйекте Семей қаласында туған. Оның отбасы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, ата-анасынан ерте айрылған ол Семейдің балалар үйінде тәрбиеленді. 

Ж.С. Тәкібаев еңбек жолын 1942 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетін аяқтаған соң бастады, соңынан КСРО Ғылым Академиясының  Лебедев атындағы Физика институтының аспирантурасын бітірді. 1957 жылы ол сол жылы құрылған Ядролық физика институтын басқарды. Кейіннен Қазақ КСР-і Ғылым Академиясының Физика-математика ғылымдары бөлімшесінің академик-хатшысы, Қазақ КСР-і Ғылым Академиясының  вице-президенті, Қазақ КСР-і Ғылым Академиясының Жоғарғы энергиялар физикасы институтының директоры, осы институттың зертхана меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, ҚР ҰҒА Президиумының кеңесшісі болып қызмет етті. Осы уақытта қоғамдық жұмыспен де белсенді түрде айналысты: Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды, оның Президиумының құрамына кірді, Ядролық физика және элементар бөлшектердің физикасы жөніндегі проблемалық кеңестің төрағасы, Алматы және Мәскеу қалаларының бірқатар институттарының ғылыми кеңестерінің мүшесі, диссерациялық кеңестердің төрағасы болды. Еңбектегі айрықша жетістіктері мен қоғамдағы қызметі үшін Ж.С. Тәкібаев Еңбек Қызыл Ту және Парасат ордендерімен, медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

1993 жылы ұйымдастыруға және құруға өзінің білімі мен іс-тәжірибесін қосқан Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына ғылыми жетекші етіп тағайындалды.

ҚР ҰЯО РМК-ның ғылыми жетекшісі лауазымында Ж.С. Тәкібаев ядролық қаруларды сынау инфрақұрылымын жою, радиациялық экология, бұрынғы Семей сынақ полигонының жерлерін оңалту мәселелері жөніндегі халықаралық бағдарламалардың тең жетекшісі міндеттерін атқарды. Ж.С. Тәкібаев ғылыми баяндамалармен Қазақстандағы әртүрлі Халықаралық форумдар мен конференцияларда, басылымдарда және телевидениеде баяндама жасады.

Ж.С. Тәкібаев Қазақстанның физика ғылымының қалыптасуы мен дамуына қомақты үлес қосты. Жоғары энергиялар физикасы, элементар бөлшектер мен ғарыштық сәулелер, классикалық электр динамикасы, ядролық физика, ядролық физиканың қолданбалы мәселелері, дәстүрлі емес энергетика, қатты дене және жартылай өткізгіштер физикасы, физикалық зерттеулерді автоматтандыру, атом энергетикасының қауіпсіздігі, радиациялық экология сияқты көптеген тағы да басқа басым бағыттарды құру мен дамыту Ж.С. Тәкібаевтың атымен байланысты.

ҚР Ұлттық ядролық орталығының ұжымы орны толмас қаза – Жабағы Сүлейменұлы Тәкібаевтың қайтыс болуына байланысты оның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

биографии