29 тамыз 2019
1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» тарихи Жарлыққа қол қойды. Он сегіз жыл өткеннен кейін, ССП жабылғаннан кейін БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде бекітті.
Қазақстанның ядролық держава мәртебесінен ерікті түрде бас тарту туралы шешімі мемлекетаралық қатынастарды құрудағы теңдессіз және мүлдем жаңа қадам болды. Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартып, өзінің аумағында ядролық полигондардың жабылуына қол жеткізген және оған барлық адамзатты шақырған әлемдегі алғашқы ел болды.
Осылайша, КСРО-да алғашқы ядролық жарылыс жүргізілгеннен кейін дәл 42 жылдан кейін ССП-дағы ядролық сынақтар мәңгі тоқтатылды. Тарих нүкте қойды, ССП ядролық сынақтарды жүргізудің барлық инфрақұрылымымен және радиациялық салдарымен бірге «мұра» ретінде өз егемендігінің бірінші күнінен бастап ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға бағытталған белсенді саясатты жүргізуді бастаған жас Тәуелсіз Мемлекет – Қазақстан Республикасында қалды.
«Біз саяси және әлеуметтік сипаттағы барлық қиындықтарға қарамастан, еліміздің ССП-ны жауып, ядролық қарудан бас тартқанын мақтан тұтамыз. Бұл бүкіл Қазақстан халқының және біздің Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбегі. Бұл біздің әлемдік тұрақтылық пен қауіпсіздікке қосқан басты үлесіміз, - деп атап өтті ҚР ҰЯО РМК бас директоры Эрлан Батырбеков. – Кейіннен еліміздің барлық бейбіт бастамалары Қазақстанды жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы етті. Бұл фактіні бүкіл әлемдік қоғамдастық мойындады. Қазақстанның ядролық қаруды сынаудың инфрақұрылымын және салдарын жою, бұрынғы ССП әскери-өнеркәсіптік кешенін бейбіт мақсаттарға конверсиялау жөніндегі кең ауқымды қызметі оның ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан зор үлесі болғанын атап өткен жөн. Осы және басқа да көптеген жұмыстар ҚР Ұлттық ядролық орталығына жүктелді және біз бүгінгі қол жеткізген нәтижелерді мақтан тұтамыз».
Бұрынғы ССП аумағы КСРО әскери-өнеркәсіптік кешені инфрақұрылымының ядролық қызметінің зардаптарынан толық тазаланды. ССП жабылғаннан кейін 9 жыл өткен соң, 2000 жылға қарай ядролық зарядтардың жер асты жарылыстарына арналған барлық штольнялар мен ұңғымалар оларды мақсаты бойынша пайдалануға мүмкіндік бермейтіндей күйге келтірілді. Полигонның үш сынақ алаңында жеті ірі жоба іске асырылды, нәтижесінде ластанған аумақты ішінара оңалту және ядролық қызмет қалдықтарына қол жеткізуді болдырмау жұмыстары жүргізілді.
Аса қауіпті материалдар мен қос мақсатта пайдалану технологияларын таратуға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында БН-350 реакторын пайдаланудан шығару және пайдаланылған ядролық отынды ұзақ мерзімді сақтау үшін ҚР Ұлттық ядролық орталығының «Байкал-1» реакторлық кешеніне ауыстыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Қазіргі уақытта бұл материал МАГАТЭ кепілдігімен орналастырылды және таралу тұрғысынан қауіп төндірмейді. ССП-ның барлық объектілерінде сенімді қорғауды қамтамасыз ететін физикалық қорғаудың үш деңгейлі жүйесі құрылды. 44 объектіде ядролық қызмет қалдықтарына рұқсатсыз қол жеткізуді болдырмайтын сенімді физикалық тосқауылдар құрылды.
ҚР Ұлттық ядролық орталығы ССП инфрақұрылымын жою жұмыстарымен қатар ССП-да орналасқан және үш реактор мен эксперименттік стендтер орналасқан «Байкал-1» және ИГР ядролық зерттеу реакторларының кешендерін қамтитын қуатты ғылыми-техникалық базаны демилитаризациялау жөніндегі бірқатар мәселелерді шешті. Бірегей инфрақұрылымды сақтау мен дамыту республика үшін маңызды бағыт – атом энергетикасын дамытуға мүмкіндік берді.
Бүгін ҚР Ұлттық ядролық орталығы ССП-да қауіпсіз атом энергиясы мен радиоэкология саласындағы міндеттерді шешеді. Полигон аумағының 60% - дан астамы тексерілді, 2 млн-нан астам далалық өлшеу және 100 мыңнан астам зертханалық зерттеулер жүргізілді. Радиоактивті ластанудың барлық маңызды учаскелері, радиоактивті заттардың ағымдағы және ықтимал таралуының негізгі жолдары мен тетіктері анықталды. Полигонның барлық аумағын кешенді экологиялық тексеруді 2021 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына қарай аяқтау жоспарланып отыр.
Зерттеу базасында реакторлар физикасы, ядролық технологиялар, ядролық отын мен реакторлық материалдарды шектік жылу режимдерінде сынау, конструкциялық материалдардың радиациялық тұрақтылығы және т. б. мәселелер бойынша бірегей қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізіледі.
«Ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға бағытталған Қазақстан саясатының маңызды нәтижелерінің бірі – бүкіл әлем ұйымдарының ССП-дағы ядролық қаруды сынау инфрақұрылымы мен салдарын жоюдағы біздің тәжірибемізді зерттеуге деген қызығушылығының артуы болды, - дейді Эрлан Батырбеков. – ССП-ға жыл сайын елуден астам халықаралық баспасөз ақпарат құралдары барады. Осылайша біз бүкіл әлемдік қоғамдастыққа ядролық қаруды қолданудың салдары, осы зардаптарды жою үшін қажет етілетін ресурстардың мөлшері, адамдарға және қоршаған ортаға келтірілетін зияны туралы айтуға мүмкіндік береміз».
19 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
05 желтоксан 2024