21 сәуір 2020
Құрметті әріптестер!
«Шығыс Қазақстан облысы аумағында коронавирустық инфекцияның (COVID-19) таралуына жол бермеу жөніндегі шаралар туралы» Шығыс Қазақстан облысы әкімінің 2020 жылғы 16 сәуірдегі № 49-ө өкімін, «Шығыс Қазақстан облысы аумағында карантин режимін енгізу туралы» Шығыс Қазақстан облысы бас санитарлық дәрігері орынбасарының 2020 жылғы 16 сәуірдегі № 3 қаулысын орындау мақсатында Курчатов қаласының аумағында 2020 жылғы 18 сәуірде сағат 00:00-ден бастап Қазақстан Республикасында төтенше жағдайдың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін карантин режимі енгізілді.
Шектеу шараларының режимі мен мерзімі COVID-19 коронавирус инфекциясының таралу жағдайының өзгеруіне сәйкес өзгертілуі мүмкін.
Шектеу іс-шаралары шеңберінде Курчатов қаласының кіреберісінде бақылау-өткізу пункті орнатылды, халықтың қозғалысына, автомобиль көлігінің жұмыс істеуіне шектеу қойылды, кейбір кәсіпкерлік объектілерінің қызметі тоқтатылды.
Осындай жағдайда ҚР Ұлттық ядролық орталығының басшылығы карантин режимін сақтау бойынша барынша мүмкін деңгейдегі шараларды қабылдауда. Бүгінгі таңда біздің жұмысымыз қызметкерлердің денсаулығына төнетін қауіпті азайту жөніндегі барлық шараларды сақтау және кәсіпорынның толыққанды жұмыс істеуі, жоспарланған жұмыстарды атқару және мемлекетіміз бен серіктестеріміздің алдындағы міндеттемелерді орындау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл ретте, әрине, жұмыс орнындағы адамдардың денсаулығына басымдық беріледі. Ол үшін біз қолдан келгенше бар күшімізді сала бермекпіз.
Алдын алу шараларын күшейте отырып, орындау мерзімін бұзбай, біздер ИВГ1.М және ИГР зерттеу реакторларында жұмыстар жүргізудеміз, өндірістік қалдықтар полигонын пайдалану жалғасуда, жаңа карталарды салу бойынша жұмыстар жүргізілуде, біздің бір топ мамандарымыз «Тәжірибе алаңы» объектісінде далалық жұмыстарға кірісті.
Біз ҚР Ұлттық ядролық орталығының жұмысқа қабілеттілігін сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Өз кезегінде сіздерден ең алдымен өз өміріңіз бен денсаулығыңызды сақтау үшін енгізілген шектеу шараларына түсіністікпен және шыдамдылықпен қарауды сұраймын.
Бүгінгі күні бекітілген нұсқамаларды мүлтіксіз орындаңыздар, жеке мәселелер бойынша міндетті емес байланыстар бойынша кез келген тәуекелді барынша болдырмаңыздар, маска режимін және жеке гигиена ережелерін сақтаңыздар. Тек сенімді ақпаратты пайдаланыңыздар. Өз отбасыларыңызға қамқорлық жасауды ұмытпаңыздар, аға буынға ерекше көңіл бөліңіздер.
Барлық талаптарды сақтай отырып, жұмыла қимылдағанның арқасында бұл сынақты да еңсеретінімізге еш күмән жоқ.
Сақтанып жүріңіздер, жақындарыңызға қорған болыңыздар!
Қосымша шараларды енгізу туралы толық ақпаратпен Курчатов қаласы әкімінің https://www.facebook.com/akimatkurchtov/posts/943762432718705 ресми парақшасында таныса аласыздар.
Эрлан Батырбеков
19 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
05 желтоксан 2024