04 мамыр 2022
Ұлттық ядролық орталықтың 30 жылдығына – 30 жоба!
Осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы аса маңызды міндеттерді іске асыруға кірісті. Осы сәттен бастап үздіксіз даму процесі басталды. Тарихи тұрғыдан қысқа мерзімде жоғары білікті мамандардың қатысуымен ядролық сынақтар жүргізу инфрақұрылымын жою бойынша күрделі кешенді проблемаларды ойдағыдай шешуге, ядролық қару сынақтарының салдарын жою жұмыстарын аяқтауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасында атом энергетикасын дамыту үшін ғылыми-техникалық, технологиялық және кадрлық база құруға қол жеткізілді. Бүгінде қуатты ғылыми әлеует, айқын даму стратегиясы, мықты кәсіби ұжым – біздің мақтанышымыз. Біз әртүрлі жетістіктерге қол жеткізе алатынымызды және барлық қиындықтарды ойдағыдай еңсере алатынымызды дәлелдедік.
Кәсіпорынның 30 жылдық даму тарихындағы 30 ірі жобасы туралы біздің жарияланымдардан оқуларыңызға болады.
№ 1 жоба. 1993-2022 жж.
Атомдық және термоядролық энергетика объектілерінің сенімділігі мен қауіпсіздігін негіздеуге арналған эксперименттік база құру және жаңғырту.
Ұлттық ядролық орталықтың атомдық және термоядролық энергетика объектілерінің сенімділігі мен қауіпсіздігін негіздеуге арналған заманауи эксперименттік базасы бар.
Бұл – екі ядролық зерттеу реакторы, эксперименттік стендтер мен қондырғылар, иондаушы сәулелену көздерінің қоймасы, қазақстандық КТМ материалтану токамагы, сондай-ақ әлемдегі ең ірі табиғи зертхана – Семей сынақ полигоны.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы құрылған соң атом энергетикасының сенімділігі мен қауіпсіздігін негіздеу міндеттерін шешуге бағдарланған эксперименттік базаны дамыту жаңа қуатты серпінге ие болды, бұл ретте өткен ғасырдың 90-жылдарында аталған жұмыстардың негізгі тапсырыс берушілері шетелдік, негізінен жапондық ғылыми ұйымдар мен өнеркәсіптік компаниялар болды. Ұлттық ядролық орталықтың реакторлық эксперименттік кешендерінде ядролық және термоядролық энергетика объектілерінің қауіпсіздігін негіздеуде эксперименттік зерттеулер кеңінен іске асырыла бастады және бүгінгі таңда жемісті түрде жалғасын тауып келеді. Осы мақсатта ИГР және ИВГ.1М зерттеу реакторларымен қатар реакторлық емес эксперименттік стендтер мен қондырғылар да (АНГАРА, EAGLE, ВЧГ, плазмалық-шоқ қондырғысы (ПШҚ) және т.б. стендтер) қолданылады.
ИГР реакторы нейтрондардың ерекше көзі болып табылады, олардың ағынының тығыздығы кез келген азаматтық мақсаттағы энергетикалық реакторлардағы осы мәннен бірнеше есе көп. ИГР реакторының мұндай қасиеті ауыр авария салдарынан туындауы мүмкін АЭС реакторларының отынына шекті жүктеме режимдерінің кең спектрін іске асыруға және сол арқылы АЭС-тің ядролық отынын пайдаланудың авариялық жағдайларын оның балқуына дейін модельдеу мүмкіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Реакторда EAGLE (Жапония), БРЕСТ (Ресей) жобалары бойынша эксперименттер іске асырылады, SAIGA (Франция) бағдарламасы бойынша эксперименттерге дайындық жүргізіледі.
ИВГ.1М реакторы (ЛИАНА стенді, ПРОТОН-1 ампуласы және т.б.) 1993 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін реактордың бірінші қабырғасы мен бланкетіне арналған кандидаттық материалдарды таңдауды негіздеу мақсатындағы зерттеулер үшін, сондай-ақ реакторлық сәулелендіру жағдайында ИТЭР конструкциялық материалдарының сутегі изотоптарымен өзара әрекеттесуін (сутегі өткізгіштігінің сипаттамасын, сутегі мен оның изотоптарының жиналуы және материалдардан бөлінуін)ьзерделеу үшін ИТЭР халықаралық термоядролық эксперименттік реакторын құру жобасы бойынша халықаралық ынтымақтастық шеңберінде пайдаланылады. Реактордың актив аймағын (2023 ж.) төмен байытылған уранға конверсиялау аяқталғаннан кейін бұл зерттеулер жалғастырылатын болады.
ЛАВА/СЛАВА (1993 ж.) қондырғылары негізінде 2010 жылы құрылған көп мақсатты ЛАВА-Б қондырғысы бар АНГАРА стенді су салқындататын реакторлардағы ауыр авариялардың соңғы сатыларын зерттеуге арналған. ЛАВА-Б қондырғысы температурасы 3200 К дейін жететін 60 кг-ға дейін кориум балқымасын алуға мүмкіндік береді және кориумның сумен, реактор корпусының материалдарымен, бетонмен, балқыма тұтқыштарының қорғаныш жабындарының материалдарымен, оның ішінде балқымадағы қалдық энергия бөлінуін имитациялай отырып, өзара әрекеттесуін зерттеу үшін кең мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді. Стендте COTELS, IVR-AM, INVECOR, CORMIT, Fukushima Debris (Жапония) бағдарламалары бойынша эксперименттер жүргізілді.
2000 жылы EAGLE стендін пайдалану басталды, онда Жапонияда жасалған натрий жылу тасығышы бар перспективалық шапшаң нейтронды реактордың қауіпсіздігін негіздеу мақсатында эксперименттер жүргізіледі. EAGLE стенді натриймен өзара әрекеттесу кезінде балқыманың қозғалу параметрлерін анықтауға, натрий бассейнінде балқыманы салқындату және фрагментациялау жағдайларын, бассейінді мезгіл-мезгіл құрғату және натриймен толтыру кезінде балқыманы салқындату жағдайларын зерттеуге және т.б. мүмкіндік береді.
ВЧГ-135 стенді 3000°С дейінгі жоғары температуралы, шағын көлемді үлгілерде материалтану зерттеулерін орындауға арналған. ВЧГ-135 стенді фазалық ауысу температурасын, электрофизикалық қасиеттерін өлшеу, кориумның конструкциялық материалдармен жоғары температуралы өзара әрекеттесуін зерттеу және кориумның берілген құрамдағы ықшам құймаларын алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Ол негізінен АНГАРА және EAGLE стендтерінде жасалған толық ауқымды эксперименттерге қосымша шағын ауқымды эксперименттер жүргізу үшін қолданылады.
Плазмалық-шоқ қондырғысы (ПШҚ) плазма физикасын зерттеуге және плазмалық-беттік өзара әрекеттесуді зерделеуге арналған Қазақстан Республикасындағы жалғыз қондырғы болып табылады. Қазіргі уақытта конструкциялық бериллийді пайдалану ресурсын бағалау, плазмамен ұстасқан вольфрамның бетін түрлендіру және тритий қауіпсіздігін негіздеуде сутегі мен дейтерий плазмасының әсері жағдайында қалайы-литий эвтектикасының қасиеттерін зерттеу жобалары іске асырылуда.
Материалтану кешені заманауи жабдықтармен және аспаптармен: сандық-программалық басқарылатын минифрезер станогымен, автоматты тегістеу-жылтырату станциясымен, энергодисперсиялық спектрометрмен сканерлейтін электрондық микроскоппен, стереоскопиялық және металлографиялық микроскоптармен, автоматты микро- және макро қаттылық өлшеуіштермен, әмбебап сынау машиналарымен, термогравиметриялық талдау қондырғысымен және энергетикалық реакторлардың ауыр аварияларын электротермиялық немесе реакторлық модельдеу кезінде болатын процестерге жүргізілген материалтану талдауы нәтижелерінің сапасына қойылатын барлық заманауи талаптарды қанағаттандыратын басқа да аспаптармен және жабдықтармен жарақтандырылған.
19 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
05 желтоксан 2024