06 мамыр 2022
2022 жылғы 05 мамырда Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында ИВГ.1М реакторын төмен байытылған уран отынымен физикалық іске қосу ойдағыдай жүзеге асырылды.
Әлемде көптеген зерттеу реакторлары жоғары байытылған уранмен (ЖБУ) жұмыс істейді, бұл ядролық қарудың таралу қаупін тудырады, өйткені ЖБУ-ды қару жасау үшін пайдалануға болады. 1978 жылдан бастап осы проблемаларды шешу үшін зерттеу реакторларын пайдаланатын әртүрлі елдер зерттеу реакторларын төмен байытылған уран (ТБУ) отынына конверсиялау туралы МАГАТЭ қолдаған халықаралық келісімдерге қол қойды. 2000 жылдардың басында Қазақстан аталған елдердің қатарына кірді.
2010 жылы Қазақстан Республикасының ядролық қаруды таратпау саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындау шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы ИВГ.1М зерттеу реакторының отынын ТБУ-ға конверсиялау жөніндегі ауқымды жобаны бастады. Жобаның басты мақсаты – МАГАТЭ талаптарына сәйкес зерттеу реакторында, бұл ретте оның сипаттамаларын сақтай және жақсарта отырып, отынды байытуды 20%-дан төмен деңгейге дейін азайту.
Жобаны іске асыру барысында Ұлттық ядролық орталықтың мамандары америкалық және ресейлік әріптестермен бірлесіп конверсиялауды жүргізу мүмкіндігінің есептік-талдамалық негіздемесін орындады, эксперименттік төмен байытылған отын сынақтарын жүргізіп, штаттық ТБУ отынын дайындады.
Қазіргі уақытта ТБУ отынындағы реакторды пайдалануға берудің бірінші кезеңі, атап айтқанда ИВГ.1М реакторын физикалық іске қосу кезеңі іске асырылуда. Келесі кезең – реакторды энергетикалық іске қосу және жаңа актив аймақтың барлық қажетті сипаттамаларын эксперименттік анықтау аяқталғаннан кейін ИВГ.1М реакторы пайдалануға берілетін болады. Осылайша, 2023 жылы ИВГ.1М реакторында бейбіт атом саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары қайта басталады. Бұл ретте есептеулерге сәйкес реактордың шығыс сипаттамаларын сақтап қана қоймай, айтарлықтай жақсарта алатынымызды атап өткім келеді.
Жалпы алғанда, осындай жаһандық жобаны іске асыру – Қазақстанның ядролық қарудың таралу қаупін азайту жөніндегі халықаралық міндетті шешуге қосқан тағы бір маңызды үлесі.
Айта кетсек, осыдан тура 30 жыл бұрын ИВГ.1М реакторының сол кезде ТБУ-отынымен физикалық іске қосылуы бүгінгі оқиғамен тұспа-тұс келіп отыр.
19 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
05 желтоксан 2024