23 мамыр 2022
Ұлттық ядролық орталықтың 30 жылдығына – 30 жоба!
№ 20 жоба. 2014–2016 жж. КАЛАЧИ АУЫЛЫН КЕШЕНДІ ТЕКСЕРУ
2012 жылдың шілде айында Ақмола облысы Калачи ауылының тұрғындарында белгісіз аурудың белгілері тіркеліп, кейіннен ол «ұйқы синдромы» деп аталды. 2013 жылы денсаулық сақтау ұйымдарына осы аурудың белгілері бар тағы бірнеше адам жүгінді, осыдан кейін бұқаралық ақпарат құралдарында ауыл тұрғындарында «ұйқы синдромының» пайда болуы туралы хабар тарала бастады. 2015 жылғы 19 қаңтардағы жағдай бойынша мұндай аурудың 140-тан астам оқиғасы тіркелді. «Ұйқы синдромының» пайда болуының алғашқы нұсқаларының бірі – ауыл аумағындағы қолайсыз радиациялық жағдай туралы болды.
Осыған байланысты ҚР ҰЯО РМК жан-жақты зерттеулер жүргізу үшін Калачи ауылына шақырылды.
Калачи ауылының экологиялық жағдайын зерттеу 2014 жылдың сәуірінен 2016 жылдың қарашасына дейін жүргізілді. Жұмыс барысында Калачи ауылы мен Красногорск кентінің тұрғындарына әсер етуі мүмкін қоршаған ортаның зиянды факторлары зерттелді: радиациялық жағдай зерттеу, аумақтың радон қауіптілігін бағалау, қоршаған орта объектілерінің микроэлементтік құрамын зерттеу, геоэкологиялық зерттеулер және атмосфералық ауаның газ құрамын зерттеу жүзеге асырылды.
Зерттеу қорытындысы бойынша қоршаған ортаның бірқатар зиянды факторлары анықталды. Уран кенішінің қызметімен байланысты табиғи уранның жоғары мөлшері бар жыныстардың фрагменттері бар жерлерді қоспағанда, Калачи ауылының радиациялық жағдайын зерттеу жұмыстарының нәтижелері гамма-фон деңгейі қалыпты (0,10–0,12 мкЗв/сағ) екенін көрсетті. Калачи ауылының қоршаған орта объектілеріндегі техногендік радионуклидтердің мөлшері жаһандық түсу аясындағы деңгейде, ал табиғи радионуклидтердің мөлшері Қазақстан аумағына тән екендігі анықталды.
Зерттеу нәтижелері ауыл тұрғындарын кешенді дозиметриялық тексерумен расталып, организмде радионуклидтердің жоғары немесе нормадан асатын мөлшерінің жоқ екендігін көрсетті. Калачи ауылы аумағының радон қауіптілігіне жүргізілген зерттеу ауыл аумағында топырақ бетінде радон ағынының тығыздығы (бұдан әрі – РАТ) жоғары аймақтардың бар екенін көрсетті. Топырақ бетінен алынған РАТ мәндерінің диапазоны 4-тен 310 мБк/м2·с-қа дейін болды. Ауыл аумағындағы радонның ең жоғары концентрациясы тұрғын үй-жайларда 1500 Бк/м3 және жертөлелерде 15000 Бк/м3 дейінгі деңгейге жетті, тұрғын үй-жайлардағы орташа мәні 180 Бк/м3 (2015 ж.) және 130 Бк/м3 (2016 ж.) құрады.
Калачи ауылының радиациялық жағдайын зерттеу нәтижелері Мәскеу қаласындағы (Ресей) Медициналық-биологиялық агенттікке және Прага қаласындағы (Чехия) Ұлттық радиациялық қорғау институтына жіберілді. Жауап ретінде Калачи ауылының аумағында радиациялық фактордың әсері нәтижесінде «ұйқы синдромының» пайда болу ықтималдығының жоқ екендігі туралы сараптамалық қорытынды алынды.
Радиациялық факторлармен қатар Калачи ауылы орналасқан аумақтың геологиялық құрылымының ерекшеліктеріне байланысты экологиялық қолайсыздықты тудыруы мүмкін факторларға алдын ала зерттеулер жүргізілді. Жұмыс нұсқасы жер қойнауынан әртүрлі газ тәрізді өнімдердің жер бетіне көтеріліп, ауыл тұрғындарында «ұйқы синдромын» туындатуы мүмкін деген болжамға негізделген.
Осыған байланысты зерттеу жүргізу кезіндегі негізгі мақсат – тереңдегі газ ағындарын жер қойнауынан жердің үстіңгі қабатына шығаруға қабілетті газды геологиялық құрылымдарды анықтау болды. Атмосфераның халықтың денсаулығына әсерін бағалау үшін атмосфералық ауадағы оттегі, көміртегі оксиді, көмірсутегі және басқа да органикалық ұшпа ластағыштардың мөлшері, сондай-ақ иіс газы мөлшерінің жанама көрсеткіші ретінде Калачи ауылы тұрғындарының қанындағы карбоксигемоглобиннің мөлшері зерттелді.
Зерттеу нәтижелері бойынша ауылдың атмосфералық ауасында көмірсутектердің (С1-С10) бар екендігі анықталды, бұл ретте олардың концентрациясы шекті рұқсат етілген деңгейге жақындап, өзгеріп отырады. Сондай-ақ бензол, толуол, о,-м,-п-ксилол сияқты хош иісті көмірсутектердің де бар екендігі анықталды. Ауыл аумағындағы барлық жерде тұрғын үй-жайларда иіс газы мен көміртегі диоксидінің жоғары концентрациясы анықталды, бұл ретте орташа мәндер тиісінше 10 мг/м3 және 0,1%-ды құрады.
Тұрғын үй-жайларда пеш жағу кезінде атмосфералық ауада улы газдың нормативтен тыс мөлшері болатыны анықталды. Зерттеу нәтижелері бойынша ұзақтығы 4 – 6 тәулікке дейінгі белгілі бір кезеңдерде оттегі концентрациясының тұрақсыздығы, бұл ретте оның концентрациясы 19,5% деңгейге дейін төмендеуі мүмкін екендігі анықталды. СО және СО2 концентрациялары артып, онымен бір мезгілде О2 концентрациясының төмендеуі кезінде ауыл тұрғындарында «ұйқы синдромы» көрінісінің жиілеуі байқалды.
Ауылдың атмосфералық ауасында улы газ бен көмірсутектердің жоғары мөлшері туралы 2014-2015 жылғы деректер жылдық мониторинг нәтижелерімен расталды.
Жылдық газ мониторингі кезеңінде улы газ бен азот диоксидінің жоғары мөлшері байқалды, «ұйқы синдромы» оқиғалары тіркелген жоқ. Осылайша, Калачи ауылының аумағында аса қауіпті факторлар анықталған жоқ. Дегенмен белгілі бір жағдайларда «ұйқы синдромының» пайда болуына әкеп соғатын бірқатар факторлардың аралас әсері болуы мүмкін. Бұл ретте мұндай аралас әсердің ықтималдығын дәл қазір болжау мүмкін емес.
Алынған нәтижелерге сүйене отырып, «ұйқы синдромының» пайда болу себебі оттегі мөлшерінің азаюына, иіс газы мен көмірқышқыл газының жоғары концентрациясына, сондай-ақ хош иісті органикалық ұшпа қосылыстардың болуына байланысты өзгерген құрамдағы ауамен тыныс алу деп болжауға болады.
19 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
05 желтоксан 2024