24 мамыр 2022
Ұлттық ядролық орталықтың 30 жылдығына – 30 жоба!
№ 21 жоба. 2014-2022 жж. ҚҰРАМЫНДА КҮШАЛА БАР ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАЛДЫҚТАР ПОЛИГОНЫ
Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының саясаты – бұрынғы Семей сынақ полигонының жерлерін мемлекет қажеттіліктері үшін барынша пайдалану. «Казцинк» ЖШС-нің ССП аумағында өнеркәсіптік қалдықтар полигонын салуы дәл осындай ірі жоба болды.
Полигон құрылысы үшін Курчатов қаласынан 110 км қашықтықта орналасқан «Балапан» алаңы таңдалды. Инженерлік-геологиялық ізденістер барысында аталған учаскеде құрылыс жағдайларын қиындатуға қабілетті теріс инженерлік-геологиялық процестер мен құбылыстар (батпақтану, карст, жер бетіндегі шұңқырлар мен ісіну деформациясы) анықталған жоқ. Климаттық аудандастыруға сәйкес зерттелетін аймақ құрғақ аймаққа жатады, бұл жиналған қалдықтар қабатында фильтраттың сұйық фазасы пайда болмайтынын білдіреді. Полигонның негізінде тығыз суға төзімді саздардың едәуір қуатының (20 м-ден астам) болуы да құрамында күшала бар қалдықтарға арналған полигон үшін зерттелген учаскенің жарамды екендігін айғақтайды. Өнеркәсіптік құрылыс үшін учаске бірінші санатқа (қарапайым жағдайлар) жатады.
Табиғи ортаның алынған сынамаларын радионуклидтік талдау зерттелетін аумақтың топырағындағы табиғи радионуклидтердің орташа мөлшері Қазақстанның топырағына тән болып табылатынын, қандай да бір геохимиялық аномалиялар анықталмағанын көрсетті.
Аталған аумақтың топырағындағы 137Cs және 90Sr радионуклидтерінің меншікті белсенділігінің орташа мәндері жаһандық түсулер аясы деңгейінде. Топырақтағы 239+240Pu радионуклидтері мөлшерінің орташа шамасы жаһандық түсулер аясынан шамалы асып түседі, бұл табиғи орта мен адам үшін қауіпті емес.
Тексерілген аумақтың өсімдік жамылғысындағы, жер үсті және жер асты суларындағы, атмосфералық ауасындағы радионуклидтердің мөлшері қазіргі сәтте, сол сияқты болашақта және шектеусіз уақыт аралығында да халық үшін қауіп төндірмейді.
Аталған аумақта қандай да бір шаруашылық қызметті жүргізу кезінде халық пен персоналға түсетін дозалық жүктемелерге бағалау жүргізу нәтижесінде адамға күтілетін жылдық тиімді доза 0,3 мЗв аспайды, бұл ҚР нормативтеріне сәйкес араласу деңгейінен төмен болып табылады.
Осылайша, жан-жақты бағалау нәтижелері бойынша, ҚР нормативтік базасының қолданыстағы талаптарын ескере отырып барлық тексерілген аумақ өнеркәсіптік қажеттіліктер үшін шектеусіз пайдаланылуы мүмкін.
Жан-жақты бағалау нәтижелері бойынша «Казцинк» ЖШС үшін таңдалған учаске осындай объектілерді салу үшін неғұрлым қолайлы болып табылады деген қорытынды жасалды. Полигонды орналастыруға арналған аумақтың ауданы 50 га құрады.
Өнеркәсіптік қалдықтар полигонының құрылысы 2014 жылғы шілдеде басталып, 2014 жылғы желтоқсанда аяқталды. Бірінші кезек шеңберінде полигонда өлшемі 50×205 метр көлемінде екі карта салынды. Бір картаның қуаты 44 мың тоннаны құрайды. 25 жылға барлығы 14 карта жоспарланған. Карталар топыраққа және жер асты суларына уытты заттардың енуін толығымен болдырмауға мүмкіндік беретін көп қабатты сүзуге қарсы экранмен жабдықталған. Сүзуге қарсы қабаттың конструкциясы саз, геомембрана, құм және қиыршық тас қабатынан тұрады. Карта аймағының бетон алаңдарынан атмосфералық және еріген қар суын жинау үшін карта ернеулерінде су бұрғыш тесіктер және буландырғыш тоған көзделген. Бетон алаңдарында құм, полиэтилен үлдірі, қиыршық тас және бетоннан жасалған құрылымдық қабаттар бар.
Көлік байланысын қамтамасыз ету үшін ұзындығы 3 км кірме автожол қалпына келтіріліп, ұзындығы 1,5 км жаңа учаске салынды. Сондай-ақ «Угольная» станциясының тұйығынан полигонға дейін ұзындығы 13,5 км жаңа теміржол тармағы салынды. 2015 жылы ҚР ҰЯО мамандарымен ұзындығы 15,3 км ЭБЖ төселді.
2019 жылғы қарашада екінші кезеңнің құрылысы басталып, 2020 жылғы қарашада аяқталды. Екінші кезекте карталардың пайдалану мерзімін 2 жылдан 4 жылға дейін ұзарту үшін әрқайсысы бөлгіш арақабырғалармен жобаланды.
Өнеркәсіптік қалдықтар полигоны құрылған сәттен бастап пайдалану және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша барлық жұмыстарды ҚР ҰЯО РМК «Байкал» филиалы жүзеге асырады.
19 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
05 желтоксан 2024