10 маусым 2022
Оқушылар үшін кәсіпорынға экскурсиялар өткізу, кездесулер мен конференцияларға қатысу, конкурстар ұйымдастыру Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы үшін жүйелі тәжірибеге айналды. Бұл көп жағдайда оқушылардың өз бойынан болашақта физика, экология, ядролық саладағы жас мамандардың қатарын толықтыра алу қабілетін байқап көруіне ықпал етеді. Оқушылар арасында кәсіпорынның даму тарихы, ғылыми жетістіктері, сондай-ақ басқарылатын термоядролық синтез технологиялары, сутегі энергетикасы және тағы басқа жаңа бағыттардың дамуы қызығушылық тудырады.
Биылғы жылдың 9 маусымында Ұлттық ядролық орталыққа бірден екі делегация: Семей қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен ұстаздары және «Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» КЕАҚ ұйымдастырған жазғы мектептің қатысушылары келіп қайтты.
Экскурсия барысында делегациялар қазақстандық КТМ материалтану токамагы, бұрынғы Семей сынақ полигонының экспозициялық залы, зертханалық корпустар сияқты объектілерді аралады.
Қорытындысы бойынша одан әрі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Ал дүйсенбіден бастап Ұлттық ядролық орталық пен «Ядролық технологиялар паркі» АҚ негізінде Курчатов қаласы мен Павлодар облысының Май ауданынан келген 50 оқушының қатысуымен жыл сайынғы «Жас физик» жазғы физика-математика мектебі өз жұмысын бастайды. Нәтижесін күтеміз.
19 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
13 желтоксан 2024
05 желтоксан 2024