12 тамыз 2024
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында электр энергиясының үдемелі тапшылығы байқалады. Қазақстанның негізгі өндіруші қуаттары – бұл КСРО кезінде салынған энергия жылу көздері, олар өз ресурстарын тәмамдап келеді және жуық арада алмастыруды қажет етеді. Сонымен қатар, парниктік газдар шығарындыларымен байланысты жаһандық экологиялық сын-қатерлерді ескере отырып, біздің мемлекет 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бағытын қабылдады. Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген. Қазақстанда қазба отындарын жағуға негізделген энергетика дәуірі, бүкіл әлем сияқты, өзінің логикалық соңына біртіндеп жақындап келеді. Осыған байланысты біздің энергетикалық жүйеміз жаңа ірі базалық генераторлық қуаттарды енгізуді, жалпы жаңғыртуды және әртараптандыруды аса қажет етеді. Бұл міндетті электр энергиясының жаңа экологиялық таза базалық көздерін енгізу және ЖЭК дамыту арқылы кешенді түрде шешу қажет.
ЖЭК – бұл маневрлік, яғни тұрақсыз генерация көздері. Мұндай технологиялар енгізіліп жатыр және олардың еліміздің энергия өндіруге қатысу үлесі өсіп келеді. Дегенмен, бұл үлес кез келген мемлекеттің барлық генерациялаушы станцияларының белгіленген қуатының белгілі бір шегінен аспауы тиіс және Қазақстан Республикасы, әрине бұдан тыс қалмайды. ЖЭК генерациясы тұрақсыз және көптеген факторларға – күннің, желдің және басқа да табиғи-климаттық факторлардың болуына байланысты. Сонымен қатар ЖЭК көмегімен өндірілетін электр энергиясының коммерциялық тиімділігі мәселелерін де толығырақ қарастыру қажет.
Қазақстанның электр станциялары үшін қолжетімді қуат қазіргі уақытта
20 ГВт-тан аспайды. Электр энергиясының негізгі тұтынушылары – бүгінгі таңдағы ірі өндірістік кәсіпорындар, олар барлық тұтынушылардың 70%-ын құрайды. Жақын болашақта олардың саны артады, ал өнеркәсіптік кәсіпорындарға базалық электр қуатын өндіруші көздерден электр энергиясын тұрақты, тәулік бойы алып отыру қажет. Мұндай көздерге ЖЭС және АЭС жатады. ЖЭС салу тиімсіз болғандықтан, базалық қуатты генерациялау бөлігінде біз үшін жалғыз шешім – тиімді, экологиялық таза атом энергетикасын дамыту болып табылады. Бұл шешім атом отыны – табиғи уран үшін өндірілетін бастапқы шикізат көлемі бойынша Қазақстан Республикасының әлемдік көшбасшылығы фактісіне де негізделген.
АЭС салу Қазақстан Республикасының энергетикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді, электр қуатының тапшылығы проблемасын шешуге ықпал етеді, атом саласында ғана емес, жаңа жұмыс орындарын құруға да мүмкіндік береді, өйткені әлемдік тәжірибеден белгілі болғандай, атом саласындағы 1 орын өнеркәсіптің аралас салаларында 10 орынның пайда болуына ықпал жасайды. АЭС қазақстандық ғылым мен өнеркәсіптің қуатты драйвері болады, біздің табиғи байлығымызды, атап айтқанда, қазіргі уақытта біз шетелге сататын уранды барынша толық және ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Тікелей орналасқан жері үшін атом электр станциясы тікелей инвестиция көзі болады, бұл осы аймақтың инфрақұрылымы мен экономикасының дамуына айтарлықтай ықпалын тигізеді. АЭС салу және пайдалану нәтижесінде жобаға тікелей қатысатын экономикалық белсенді тұрғындардың да, қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтылған тұрғындардың да саны өседі. АЭС өңір бюджетіне түсетін салық түсімдерін бірнеше есе арттырады және оның тұрғындарының өмір сүру сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, мысал ретінде келтіруге болатын оң өзгерістердің толық тізімі емес.
Эрлан Батырбеков, Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының бас директоры
27 қараша 2024
27 қараша 2024
22 қараша 2024
31 қазан 2024