Мемлекеттік марапат құтты болсын!


10 сәуір 2025

Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 9 сәуірдегі № 836 Жарлығымен ғылым саласындағы үлкен жетістігі үшін Ұлттық ядролық орталықтың бас ғылыми қызметкері, Қазақстанның ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Сқақов Мәжін Қанапияұлы «Құрмет» орденімен марапатталды.

Ұлттық ядролық орталық ұжымы Мәжін Қанапияұлын қуана құттықтайды. Мемлекеттік награданың табыс етілуі оның отандық ғылымды дамытып, еліміздің ғылыми әлеуетін нығайтуға қосқан зор үлесіне берілген жоғары баға деп білеміз.

М. Қ. Сқақов көп жыл бойы Ұлттық ядролық орталық жүйесінде басты лауазымдарды атқарды – ҚР ҰЯО РМК бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді, 2013 жылдан бастап Атом энергиясы институтын басқарды. Оның басшылығымен институтта Қазақстан Республикасы үшін басым бағыт болып саналатын атом энергетикасы мен технологиялары саласында ғылыми-техникалық бағдарламалар, жұмыстар мен жобалар ойдағыдай іске асырылды.  

Мәжін Қанапияұлы Ұлттық ядролық орталықтың бірегей эксперименттік базасын пайдалана отырып ғылыми зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ аспиранттарды, докторанттарды, жас мамандарды даярлауға белсенді түрде қатысады.

Мәжін Қанапияұлының ғылыми еңбектерінің толық тізбесі 400-ден астам жарияланымды қамтиды, бұл оның жоғары кәсіптік шеберлігін, терең ғылыми эрудициясын, ғылымды дамытуға қосқан баға жетпес үлесін көрсетеді. Оның еңбегі жас ғалымдар мен инженерлерге шабыт беріп, тың жаңалықтар мен жетістіктерге жетелейді.

Мәжін Қанапияұлына зор денсаулық, алдағы ғылыми қызметіне табыс тілейміз және Қазақстан Республикасының игілігі жолында жаңа жетістікке жете беріңіз дейміз! 

награждение поздравление