10 сәуір 2018
ҚР Ұлттық ядролық орталығы мен Фукусиманың Экологиялық қауіпсіздік орталығы (Жапонияның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі) «Атом көлі» және жасанды су қоймасы аймағының экожүйеге әсер етуін бағалауға, сондай-ақ «Атом көлін» ғылыми және шаруашылық мақсаттарда пайдалану ұсыныстарын әзірлеуге бағытталған бірлескен ХҒТО жобасын іске асыруға кірісті.
Жоба шеңберінде, ГАЖ-технологияларды пайдалану арқылы әзірленген жүйе негізінде жүргізілген зерттеулер радиациялық авариялар мен ядролық қаруды сынау нәтижесінде зардап шеккен объектілердің ластануын зерделеу бойынша кешенді зерттеулерді дайындау және жүргізудің ғылыми-әдістемелік негіздерін әзірлеудегі жаңа бағытты дамытудың жалғасы болмақ.
Жобаны іске асыру барысында үлкен көлемді, атап айтқанда «Атом көлі» объектісінің аумағында жасанды радионуклидтердің алаңдық таралу сипаты туралы ақпарат алу жоспарланған. «Атом көлі» үйіндісі ернеулерінің желдік эрозия процесі егжей-тегжейлі зерделеніп, ауа райының әртүрлі жағдайлары кезінде атмосфералық ауаға радионуклидтердің сандық түсу деректері алынады және басқа да көптеген жұмыстар жүргізіледі.
Алынған деректерді пысықтау нәтижелері бойынша «Атом көлі» маңындағы ортаның геоэкологиялық жай-күйін интегралды бағалау үшін әдістемелік негіз жасалатын болады. Оның негізі мінез-құлық сценарийлерін ескере отырып есептелген тұрғындарға түсетін дозалық жүктемелер жөніндегі деректер, сондай-ақ анықталған және күтілетін экологиялық жағымсыз аймақтардың бар екендігін көрсететін интегралды көрсеткіш мәндеріндегі қорытынды схема болмақ. Мұндай деректер негізінде «Атом көлі» маңында қалыптасқан экологиялық ахуалдың тұрғындар мен қоршаған ортаға кері әсерін шектеу бойынша ұсыныстар әзірленетін болады.
Анықтама үшін. Топырақ шығарындысымен болған жер асты жарылыстарын өнеркәсіптік мақсатта қолдану бағдарламасының бір бағыты – елдегі құрғақ аудандар үшін жасанды су қоймаларын жасау және солтүстік өзендердің суларын су жетіспеушілігі әрдайым сезілетін оңтүстік аудандарға бұруға арналған арналар жасау болды. Мұндай сынаулардың алғашқысы аймақтың негізгі су артериялары Шаған және Ащысу өзендерінің тоғысқан жерінде 1965 жылғы 15 қаңтарда жүргізілген қуаты 140 кт болатын ядролық жерасты жарылысы болды, нәтижесінде тереңдігі 100 м және диаметрі 400 м болатын шұңқыр пайда болды. Сол жылғы көктемде шұңқырды еріген сумен толтыру барысында «Атом көлі» пайда болды. Осыған ұқсас сынақтар «Телкем» (Телкем-1 және Телкем-2) алаңында да жүргізілді. Бұдан басқа бірнеше штаттан тыс жағдайлар нәтижесінде ССП-ның «Сарыөзен», «Балапан» алаңдарында радиусы жүздеген және тереңдігі ондаған метр шұңқырлар пайда болды.
27 қараша 2024
27 қараша 2024
22 қараша 2024
31 қазан 2024